Астанада стендапер Ғалым Қалиақбаровтың концерті күтпеген жерден тоқтады. Кеш барысында белгісіз ер адам сахнаға шығып, іс-шараның заңсыз өтіп жатқанын мәлімдеген, деп хабарлайды ult.kz.
Көрермендер оның не себепті заңсыз екенін сұрағанда, ер адам бастапқыда пікірталасқа түсіп, кейін стендапердің сахнада боғауыз сөздер айтып жатқанын алға тартқан. Алайда бұл сөздерге нақты дәлел ұсынылмаған.
Жағдайды Ғалым Қалиақбаров әзілге айналдырып, көрермендерге билет ақшасы қайтарылмайтынын айтып, барлығын 10 күннен кейін қайта кездесуге шақырған.
Ал Есіл ауданының әкімдігі концерттің 19 тамызда тиісті келісімсіз өткенін түсіндірді. Ведомство мәліметінше, іс-шара ұйымдастырушылары заң талаптарына сәйкес концерт туралы кемінде 10 күн бұрын хабарлама бермеген.
Осыған байланысты әкімдік қызметкерлері алаңға келіп, іс-шара өткізу тәртібі мен қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді жоспарлаған. Алайда оларды ғимарат ішіне кіргізбеген.
Нәтижесінде концерт ұйымдастырушылары полиция бөліміне жеткізіліп, профилактикалық әңгіме жүргізілген. Оларға бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібі түсіндіріліп, кейін босатылған.
Ал стендапердің «10 күннен кейін қайта кездесеміз» деген әзілінің шындыққа айналуы-айнaлмасы әзірге белгісіз.