1 қыркүйекке аз қалды: ата-аналар биыл мектепке қанша ақша жұмсайды?

1 қыркүйекке аз қалды: ата-аналар биыл мектепке қанша ақша жұмсайды?
Фото: gov.kz

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Қазір ата-аналар мектеп формасын, аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарларын алып, баласын сабаққа дайындап жатыр. Биыл мектепке дайындық отбасылық бюджетке қаншалықты салмақ түсіреді? Бір баланы мектепке толық жинау үшін қанша ақша қажет? 2026 жылы бұл сұрақ әсіресе өзекті. Себебі биыл елімізде 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды деп күтілуде. Жалпы, жаңа оқу жылында 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, деп хабарлайды ult.kz.

Бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

Қазіргі бағаларға жасалған есеп бойынша, бір баланы мектепке барынша үнемдеп дайындау үшін шамамен 70-90 мың теңге қажет. Ал киімнің бірнеше түрін, сапалы аяқ киім мен сөмкені таңдаса, шығын 120-170 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Сапалы немесе брендтік тауарларға басымдық берілген жағдайда ата-ананың шығыны 220-300 мың теңгеден де асып кетуі ықтимал. Бұл есепке қысқы киім, смартфон, планшет, жолақы, ақылы үйірмелер мен қосымша оқулықтар кірмейді. 

Яғни екі баласы мектепке баратын отбасы тек негізгі керек-жарақтың өзіне шамамен 140-340 мың теңге аралығында қаражат жұмсауы мүмкін.

Ең қымбат шығын – мектеп формасы

Мектепке қажетті заттардың ішінде ата-ананың қалтасына ең көп салмақ түсіретіндердің бірі – форма.

Мысалы, Алматыдағы қазіргі ұсыныстарға қарағанда, ұл балаға арналған костюм-шалбар шамамен 17-20 мың теңгеден басталады. Қыздарға арналған төрт бөліктен тұратын форма 25-30 мың теңге шамасында.

Ал жекелеген киімдерді сатып алғанда қыз балаға арналған толық жиынтықтың құны 40-50 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. Кейбір дүкендерде пиджак, шалбар, белдемше мен жейденің әрқайсысы бөлек сатылады.

Арзанырақ нұсқаларды іздеген ата-аналар базарлар мен отандық өндірушілердің өнімдеріне назар аудара алады. Мәселен, кейбір дүкендерде ақ кофтаны 5-6 мың, пиджакты 8 мың, белдемшені 6,5 мың теңге шамасында табуға болады. Мұндай жағдайда бір баланың формасын 30-40 мың теңге көлемінде жинауға мүмкіндік бар. 

Аяқ киім мен спорттық киім де қымбатқа түседі

Мектеп формасынан бөлек, баланың күнделікті аяқ киімі мен дене шынықтыру сабағына арналған киімі де бюджетке әсер етеді.

Сараптамаларда мектепке дайындық кезінде ең қымбат санаттардың қатарында аяқ киім, спорттық киім және рюкзак аталады. Аяқ киім бағасының өсуі әсіресе оқу жылы қарсаңында байқалады, өйткені тамызда сұраныс күрт артады. 

Сондықтан ата-аналар барлық сатып алуды соңғы күндерге қалдырмай, бағаны бірнеше дүкеннен салыстырып алғаны тиімді.

Сөмке мен кеңсе тауарларына қанша кетеді?

Мектеп сөмкесінің бағасы да оның сапасы мен брендіне байланысты айтарлықтай өзгереді. Арзан нұсқаларын бірнеше мың теңгеге табуға болса, ортопедиялық немесе танымал брендтердің сөмкелері ондаған мың теңге тұруы мүмкін.

Бұған қоса ата-аналар дәптер, қалам, қарындаш, өшіргіш, сызғыш, бояу, альбом, пенал және басқа да кеңсе тауарларын сатып алады.

Кеңсе тауарларының бағасы да жыл сайын өсіп келеді. 2026 жылдың маусымындағы дерек бойынша бұл санаттағы тұтыну бағаларының индексі 105,3% болған. 

Сондықтан барлық керек-жарақты бірден бір дүкеннен сатып алудың орнына, бірнеше сауда нүктесіндегі бағаны салыстыру отбасы бюджетін біраз үнемдеуге мүмкіндік береді.


Дүкен бе, маркетплейс пе?

Биыл ата-аналардың алдында тағы бір таңдау тұр: қажетті заттарды дүкеннен алу немесе интернет арқылы тапсырыс беру.

Жүргізілген салыстыруда дүкендердегі бір оқушыға арналған жиынтықтың бағасы қыз балалар үшін шамамен 78,3-206,9 мың теңге, ұл балалар үшін 75,2-204,8 мың теңге аралығында болған.

Маркетплейстерде баға кей жағдайда одан да жоғары: қыздарға арналған жиынтық 96,8-210,8 мың теңге, ұлдарға арналғаны 109,9-250,5 мың теңгеге дейін жеткен. 

Дегенмен интернеттен арзанырақ ұсыныстарды тауып, акция мен жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігі бар. Ал дүкеннен сатып алудың басты артықшылығы – киімді баланың өзіне өлшеп көруге болады.

Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Мектепке дайындық шығыны жоғары болғандықтан, әлеуметтік осал отбасыларға да көмек қарастырылған.

2026-2027 оқу жылы қарсаңында Қазақстанда 450 мыңға жуық балаға мектепке дайындалуға қолдау көрсету жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңгеқарастырылған. 

Мұндай қолдау негізінен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларға бағытталады. Бұдан бөлек, мемлекет бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін әлеуметтік қолдау шараларын қарастырады.

Қалай үнемдеуге болады?

Мамандар мен тәжірибелі ата-аналарды жиі айтатын кеңесі – баланы мектепке дайындауды соңғы күнге қалдырмау.

Ең алдымен былтырғы оқу жылынан қалған заттарды түгендеп алған жөн. Сөмке, пенал, спорттық киім немесе кейбір кеңсе тауарлары әлі жарамды болса, жаңасын сатып алудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар:

мектеп формасын бірнеше дүкеннен салыстырып алу;

акциялар мен жеңілдіктерді пайдалану;

қажетсіз брендтік заттарға ақша жұмсамау;

кеңсе тауарларын дайын қымбат жиынтықтың орнына жеке-жеке сатып алу;

аяқ киімнің сапасына басымдық беру;

бірнеше баласы бар отбасыларға көтерме ұсыныстарды қарастыру тиімді.

Ең бастысы – мектепке дайындық кезінде баланың барлық қалауын бірден орындауға тырыспай, шын мәнінде қажет заттардың тізімін алдын ала жасап алу.

Осылайша биыл бір оқушыны мектепке дайындаудың орташа құны шамамен 120-170 мың теңгеболуы мүмкін. Ал барынша үнемдеген отбасы негізгі қажеттіліктерді 70-90 мың теңгекөлемінде жинай алады.