Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында күдіктілер Май ауданында ұсталған. Олардың автокөлігін тінту кезінде қылмысқа қатысы бар заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адам анықталды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 1 млн теңгеден асады.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайынов.
Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жыл басынан бері алты ай ішінде мал ұрлығының 48 дерегі тіркелгені хабарланған болатын.