04 қаң, 2026 сағат 14:12

2026 жылдан бастап көлік салығы қалай өзгереді?


Фото: gov.kz


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығын есептеу тәртібі өзгереді. Енді жеңіл автокөліктің пайдалану мерзімі 10–20 жыл болса, салық 0,7 коэффициентімен, ал 20 жылдан асса 0,5 коэффициентімен есептеледі. Бұл жеңілдік 2026 жыл үшін 2027 жылы төленетін салыққа қолданылады.


Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін өндірілген немесе елге әкелінген жеңіл көліктерге қатысты жоғары салық мөлшерлемелері алынып тасталды.


Шаруа және фермер қожалықтары бір дана пикап автокөлігі үшін көлік салығынан босатылады. Сондай-ақ көлік құралдарын (пикап, джип, фургон т.б.) түріне қарай санаттау нормасы жойылып, енді санат көлікті тіркеу куәлігінде көрсетілген жүргізуші куәлігі санатына (A, B, C, D) сәйкес айқындалады.


2026 жылдан бастап көлік салығы бойынша ағымдағы есептілік тапсырылмайды. Салық төлеушілер тек жылдық декларация өткізіп, салықты жылына бір рет төлейтін болады.