Ақтөбеде әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға көмектесемін деп ақша алған күдіктінің әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полицияға әскери қызметке шақыруға байланысты медициналық комиссиядан өтіп жүрген 20 жастағы тұрғын жүгінген. Оның айтуынша, белгісіз азамат 250 мың теңге көлеміндегі сыйақы үшін әскерден кейінге қалдыру рәсімін ұйымдастырып беруге уәде еткен.
Жас жігіт күдіктінің сөзіне сеніп, талап етілген қаражатты қолма-қол тапсырған. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай, уәдесін орындамаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шыққан. Тергеу кезінде алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру, жұмысқа орналастыру және мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу мәселелерін ақшаға шешіп беремін деген адамдарға сенбеуге кеңес берді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, әскери қызметке қатысты барлық шешімдер тек қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қабылданады. Азаматтар алаяқтық белгілеріне тап болған жағдайда дереу полицияның «102» арнасына хабарласуы қажет.