Павлодар облысына барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты. Соның ішінде облыста «Рухани жаңғыру» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Margulan center» ғылыми орталығында арнайы болды.
Орталықта XVIII ғасырда Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері болған Сұлтанбет сұлтанның ордасы қайта қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар архивтерден табылған сұлтан ордасының түпнұсқа жобасы бойынша жүргізіліп, орда ағаштан салынған. Сұлтанбет сұлтан жоңғар шапқыншылығы кезінде қалың қол бастаған қолбасшы, Ресей және Қытаймен арадағы мәселелердің оң шешілуіне тікелей қатысқан мәмілегер болған. Сондай-ақ орталықта «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру жөніндегі «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының жобалық кеңсесі орналасқан.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар түсті металлургия колледжінде болып, студенттермен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталып, жастар үшін бұл бастаманың ешқандай қиындық тудырмайтынына назар аударды. Одан бөлек, Мұхтар Абрарұлы Павлодар облысында Елбасының Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде нақты міндеттерінің орындалу барысымен танысты. Соған орай «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Гиссенхауз» және «АгроХимПрогресс» зауыттарында болды.
Аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар өңірінің осыншалықты қарқынды дамуы Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екенін айтты. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың айрықша қамқорлығының арқасында Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. Тек индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде 35 ірі өнеркәсіп орны ашылып, оған 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кейінгі екі жылда ғана облысқа 125 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста балабақша, мектеп мәселесі де біржолата шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Рухани жаңғыру» бойынша да көптеген жобалар жүзеге асуда. Павлодарлықтар Елбасының осы қамқорлығын бағалай білуі керек», – деді.