«Жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз». Бүгін Парламентте өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов «қос азаматтықты қолдағандар жауапқа тартылуы тиіс» деп мәлімдеді. Депутаттық сауалдың толық мәтіні төмендегідей.
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Қ.П.Қожамжаровқа
Ішкі істер министрі
Қ.Н.Қасымовқа
Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М.Б.Бекетаевқа
Қазақстан Республикасының азаматтығы – бұл мемлекеттіліктің темірқазығының бірі. Ол адамның мемлекетпен саяси-құқықтық байланысын айқындайды, олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді. Қазақстанның азаматы болу, Конституция мен заңдарда жарияланған, кепiлдiк берiлетiн азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтiк құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленуіне негіз болады.
Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, бір елдің ғана, яғни, Казақстанның азаматымыз. Біздің ұғымымызда қос елдің азаматы болу деген түсінік мүлде жоқ және бұл ереже Ата заңымыздың 10-бабының 3-тармағында тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қос азаматтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал бұндай заң бұзушылықты мемлекеттік қызметтегі адамдар жасаса, жауапкершілік одан да қатаң.
Егер шетел заңнамасына көз жүгіртсек, мысалы Әзірбайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза 2014 жылы енгізілген. Тіпті көршілес қырғыз елінде мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі талқылану үстінде.
Қытай заңнамасы да қос азаматтыққа қатаң қарайтындығы баршамызға мәлім. Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстанға көшіп келмекші болған қандастарымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар оған куә. Сыртқы істер министрлігінің 12 қос азаматтығы бар қытай қазақтарын тұтқыннан босатып алу үшін қыруар күш жұмсағанын да өздеріңіз білесіздер. Естеріңізге сала кетейін, осы мәселені «Ақ жол» партиясының делегациясы былтыр Бейжінде ең жоғарғы деңгейде көтерген болатын. Мүмкіншілікті пайдалана отырып Сыртқы істер министрлігіне барынша қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқымыз келеді. Олар үшін керек болса, тіпті Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдетуге болар.
Жалпы, ол елдегі қандастарымызға да бір шешімге келіп, қай елдің азаматы болатындығын таңдайтын кез де келген сияқты.
Қарапайым азаматтардың белгілі бір материалдық мүддеге қызығып, мәселен, пенсия, әлеуметтік төлемдер, сол аздаған дүние үшін қос азаматтық алып, заң бұзғаны бір әңгіме. Ал, осы жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз.
Мысалы, ақтөбелік адвокат Валерий Якубенко 2000 жылы Ресей азаматтығын алғанын осы уақытқа дейін жасырып келген. Онымен қоймай, аталмыш Ресей азаматы мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек көрсету аясында бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы алған. Адвокаттардың қызметіне кәсіби қадағалау жүргізудің орнына, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы, оның үстіне Валерий Якубенконың жұбайы, Раиса Якубенко, кәсіби заңгер ретінде заң бұзушылықты көре тұра, 18 жыл бойы осыған көз жұмып, өзі де заң бұзушылыққа тікелей қатысып келген. Тек, Әділет министрлігінің тікелей араласуының арқасында ғана Валерий Якубенко әкімшілік жазаға тартылып, лицензиясынан айырылған.
Сонымен қатар, қолымызда бар мәліметке сай, елімізде 2016 жылы
400-ден аса, 2017 жылы 600-ден аса, 2018 жылдың 10 айының ішінде 527 қос азаматтық фактілері анықталған. Ал, бұл цифрлардың ішінде қанша мемлекеттік қызметкерлер немесе мемлекеттік билік функцияларын жүзеге асыратын өкілдер бар екендігін бір құдай біледі. Ашық ақпарат көздерінен мұндай мәліметті таппадық.
Көптеген елдерде сол елдің азаматтығын қабылдау кезінде ант беру рәсімі қарастырылған. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында азаматтық алу үшін берілетін антта «Мен осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адалдықтан мүлдем бас тартамын, қолыма қару алып Құрама Штаттар жағында шайқасамын» деген сөздер бар.
Осындай сөздерден кейін, шетелдік азаматтығы бар адам қалайша Елімізге қызмет етеді, Ата заңымызды місе тұтып, отандастарының көзіне қалай қарайды?
Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін, қалтасында басқа елдің төлқұжаты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясы:
1. Мемлекеттік қызметкерлердің, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын адамдардың (адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылардың және т.б ), қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеру жүргізуді;
2. Жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мүмкіндігін қарастыруды;
3. Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматының антының мәтіні мен рәсімін заңмен бекітуді;
4. Жоғарыда көрсетілген өрескел заң бұзушылыққа жол беріп қана қоймай, оған тікелей қатысқан Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымын лауазымынан айырып, жауапкершілікке тартуды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында 2018 жылғы 14 қараша сағат 11.00-де (Астана уақыты бойынша) республика бойынша латын графикасы негізіндегі «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, республикалық акция еліміздің барлық өңірлерін қамтиды және оған шамамен 2 млн.қазақстандық қатысады. Диктант бір уақытта республика бойынша өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өткізіледі.
Сондай-ақ қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау сағат 11.00-де (Астана уақыты бойынша) «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларының тікелей эфирінде және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында қолжетімді болады.
Жалпыреспубликалық акция жаңа қазақ әліпбиін насихаттауға, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыдан меңгеруге дағдыландыруға бағытталған.
Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, жалпыхалықтық диктант қатысушыларға сәттілік тіледі.
Құрметті қауым!
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойғанын барша халық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл еліміздегі ерекше маңызды шешімдерінің бірі болды.
Рухани жаңғыру – бұл төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сананы ояту.
Әліпбидің алғашқы нұсқасына қоғам арасындағы талқылаудан кейін өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен жаңа редакциядағы әліпби нұсқасы бекітілді.
Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр.
Бүгінгі «Жалпыхалықтық диктантты» ұйымдастырудағы мақсатымыз - республика тұрғындарына жаңа әліпбиде таңба ғана ауысатынын, қазақ дыбыстары сол күйінде қалатынын түсіндіру, жазу дағдысына бейімделу.
Диктанттың ерекшелігі сол республика бойынша барлық азаматтардың қатысу еркіндігінде.
Халық практикалық тұрғыда сезінгенде ғана алдымызда тұрған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының маңыздылығын түсінеді.
Осы жалпыхалықтық шараға бәріміз ат салысып, жаңа таңбалармен жазуымызды бастайық!
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жалпыхалықтық диктантты өткізу бастамасын белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, спортшылар, сонымен қатар мәдениет және өнер саласының тұлғалары да қолдап отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында диктантқа белгілі қоғам қайраткері, ақын-жазушылар Роза Мұқанова, Қонысбай Әбілов, қазақстандық әртістер Майра Мұхамедқызы Тұрар Әліпбаев, Нұрболат Арзамас, Бақтияр Адамжан, спортшылардан Ұлан Рысқұл, Серік Ақтаев, Айбек Оралбай, Әйгерім Әбілқадырова және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады.
Диктанттың тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрады. Диктант аяқталғаннан соң мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы өзінің жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.