Қоғам қайраткері, желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет кезектен тыс Президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді.
"Қазақтың ұлттық-демократияшыл Азат, Желтоқсан, Алаш ұйымдарының ұсынысымен 1970-1980 жж. Ұлт-азатығы үшін күресіп үш мәрте саяси тұтқында болған Қожа-Ахмет Хасен Кәрімжанұлы (тарихшы, композитор, профессор) 9.06.2019 жылы болатын Президенттік сайлауға түсуге келісімін берді" делінген Ұлт порталының поштасына келген ақпаратта.
Айта кетсек, Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет 1949 жылы 9 тамызда Алматы облысы Ақсу ауданы Матай кентінде дүниеге келген. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, журналист-публицист, сазгер, қоғам қайраткері. 1972 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1993 жылы ҚазМҰУ-ды тәмамдаған.
1990-1993 жылы “Желтоқсан” қоғамдық қозғалысын басқарды. 1993 жылдан Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысының төрағасы. Кеңестік тоталитарлық жүйеге, ұлт саясатындағы теңсіздіктерге қарсылық білдіріп, 1977 және 1987 жылы саяси айыппен сотталды.
Публицистика саласында қалам тартып, 200-ден астам мақала жазды. 300-ге тарта ән мен музыкалық аспаптарға арналған 50 шақты шығарманың авторы. 2000 жылы “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған.