23 шіл, 2019 сағат 15:53

Қайтыс болған "Охотзоопром" инспекторының артында төрт баласы қалды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі браконьерлер оғынан жарақат алған инспекторлар туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұртазинов Қаныш Серікұлы 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Ол – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылының тұрғыны. 2016 жылдың 5 қаңтарында «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК жұмысқа тұрған. Оның артында әйелі, үш қызы және 2011 жылы туған ұлы қалды», - делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта марқұмның денесін туған ауылына жеткізу мәселелері талқыланып жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, жарақат алған екінші инспектор Оспанов Самат Көшбергенұлы 1975 жылы Ақмола облысында туған. Білімі - орташа-арнаулы, заңгер. Қазіргі таңда Саматқа Державинск аудандық ауруханасында ота жасалуда. 

Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданында инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізіп, киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде 10 өңірге – Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған.

Кейінірек ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жарақат алған браконьерлердің бірінің қайтыс болғаны туралы хабар таратты.

Сондай-ақ браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың артында төрт баласы қалғандығы белгілі болды.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер қолынан мерт болған инспектордың отбасына көңіл айтып, оның отбасына барлық қажетті көмектің көрсетілетіндігін жеткізді.  

Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр.