Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус жұқтырған 45 баланың төртеуі жазылып шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанда коронавирус жұқтырған 45 бала тіркелді. Олардың төртеуі ауруханадан жазылып, шығып қойған. Қалғандарының жағдайының дәрежесі жеңіл деп бағаланып отыр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясын анықтау бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында экспресс тесттен кімдердің өтетінін айтты.
«Қазіргі таңда елге 96 мың тест жеткізілді. Экспресс тесттер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүргізіледі. Тәулігіне 500-ден 1000-ға дейін тест жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар менің қаулыммен экспрес тесттен өтетін адамдардың санаты белгіленді. Олар: жедел жәрдемнің медициналық қызметкерлері, ЖРВИ белгілері бар ауруханаға жатқызылмаған адамдар, коронавирус жұқтырған адаммен едәуір қарым-қатынаста болған адамдар, сондай-ақ өткізу бекеттері арқылы автоөткелдер мен теміржол өткелдерімен келген азаматтар, төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрген жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері», - деді бас санитар
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 604 науқас тіркелген.
"Олармен байланыста болған 17 342 адам анықталды. Оның 463-і елден кеткен, қалған 16 879 адам табылып, 6 175-і ауруханаға жатқызылды. Үй карантиніне 10 383 адам орналастырылды", - деді бас санитар дәрігер.
Айтуынша, бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр.