Павлодар облысында шетелдіктердің заңсыз жұмыс істегені анықталды

Павлодар облысында шетелдіктердің заңсыз жұмыс істегені анықталды
ашық дереккөз

Павлодар облысының Шарбақты ауданында шетелдік азаматтарды тиісті рұқсатсыз жұмысқа тарту фактісі анықталды. Заң бұзған шетелдіктер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары «Заңсыз келуші – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шарбақты ауданындағы көші-қон заңнамасының сақталуын тексерді.

Шарбақты ауылында көрші мемлекеттердің бірнеше азаматы қажетті рұқсат құжаттарынсыз еңбек етіп жүргені анықталды.

Болу тәртібін бұзып, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Ал оларды заңсыз жұмысқа тартқан жұмыс берушіге де әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицияның мәліметінше, шетел азаматтарын жұмысқа тартуға тек заңнамада белгіленген негіздер мен тиісті рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жол беріледі.