07 там, 2016 сағат 13:22

Елбасы ҚТЛ-ге қатысты қандай тексеру жүргізбек?

 

Қазір Қазақтанда даулы мәселе ҚТЛ болып отыр. Түркия Президенті Ердоған “олар - қауіпті, жауып тастау керек” десе, Қазақстан жағы: “ол мектептер бізге керек, сапалы білім береді, оның түлектері халықаралық олимпиадаларда медальдарды көптеп алуда және мұғалімдері 90 пайыз қазақ, сондықтан жаппаймыз”, - дейді. Бұл - дұрыс көзқарас. Түркия - басқа ел, Қазақстан - басқа ел. Сонсоң екі елдің жағдайлары да өзгеше. Расында да бұл мектептердің беретін біліміне сөз жоқ. 
Егер, бұл мектептер таза білім беріп игі, онда оларда ешкімнің шаруасы болмас еді. Бірақ сол мектептердегі балалар ертеңгі уақытта мектепті бітіріп, сот, армия және үкімет сынды билік орындарына көтерілгенде: "Гүленге құл болу, соның айтқанын бұлжытпай орындау" жайында үгіт-насихат беріліп жатса, онда ол - қауіпті.
15 шілде күнгі Түркиядағы жағдай. Оған дейін әркім, ең басында оппозициядағы партиялар болып Ердоғанды Гүленге орынсыз шүйлігіп жатқаны туралы кінәлаған еді. Бірақ мұның шындық екені 15 шілде күні белгілі болды. Оның негізгі ұйымдастырушы және орындаушыларының Гүлен мен Гүлен мектептерінің түлектері екеніне оппозицияның да, басқалардың да көзі жетіп отыр.
Мүмкін Гүлен мектептері мұндай бір адамға құлшылық етуді тек Түркиядағы, яғни өз елінде қана үгіттеп, өзге елдерде таза ғылым және біліммен шұғылданып жатқан шығар. Мұны өз басым мен білмеймін, көп адам да білмейтін шығар. Міне, Елбасының кеше Анкарада айтқаны осы еді. “Мұны тексереміз, егер ондай бар болып жатса, тиісті шараларды қолданамыз”, - деді. Кеше Анқарада, Елбасы ҚТЛ-дарды тексереміз дегенде, осы мәселені айтпақ болған. Тілегіміз мынадай: "Жеке басқа табынушылыққа үгіттейтін мақсат ҚТЛ-де болмасын, Қазақстан төңкерістік әрекеттерден аман және тыныш болсын!"
Әбдіуақап Қара
Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы 

Ұлт порталы