13 ақп, 2019 сағат 15:47

"Жынымды келтірмеңізші": Вице-министрдің журналиске берген жауабы қызу талқыға түсті (видео)

Әлеуметтік желіде Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің тарифке қатысты сұрақ қойған тілшіге берген жауабы қызу талқыға түсті. Шенеуніктің ашуға беріліп айтқан сөздеріне желі қолданушылары наразылық білдірген, - деп жазады NUR.KZ.

Вице-министр тарифтер туралы қойылған сұраққа жауап беруден бас тартқан.

"Бұл басқа шара ғой. Не болды? Кеше парламентте тарифтер туралы айттым. Ондай болса өздеріңіз тұра беріңіздер", - деді ол.

Осы тұста Жұманғарин екінші тілшінің шағын және орта бизнес туралы қойған сауалына жауап беруге қарсы емес екенін айтты.

" Әрине. Шара шағын және орта бизнес жайлы. Ал сіздер тариф туралы сұрауға келдіңіздер ме? Маған арнайы келіңізші, мен сізге тариф туралы басынан аяғына дейін барлығын айтып берейін. Жынымды келтірмеңізші", – дейді вице-министр.

Бұл видеоны көрген желі қолданушылары шенеуніктің сөзіне наразылық білдірген. Олар журналистің кез келген жерде кез келген сұрақ қоюға құқығы бар екенін алға тартқан.