20 ақп, 2023 сағат 12:57

Журналист Вадим Борейко операторының екі көлігі жарылғанын хабарлады

Фото: facebook.com/vadim.boreiko

YouTube-тегі "Гиперборей" арнасының авторы, алматылық журналист Вадим Борейко әлеуметтік желідегі парақшасында 20 ақпанға қараған түні операторының екі автокөлігі жарылғанын жазды, деп хабарлайды Азаттық.

"20 ақпанға қараған түні менің операторымның екі мәшинесін үйінің жанында жарып кеткен" деп жазды Борейко.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Кейінгі жарты жылда Қазақстанда журналистер мен ақпарат редакцияларына түрлі қоқан-лоқы мен шабуыл жиілей түскені байқалған.

14 қаңтарда журналист Динара Егеубаева белгісіз адамдар мәшинесінің терезесін кірпішпен сындырып, ішіне от қойып кеткенін хабарлаған. Өртеніп жатқан көлігін әлеуметтік желіге шығарған Егеубаева мұны "өз өміріне жасалған қастандық" деп атаған. Алматы полициясы екі күннен кейін бес бозбаланы Динара Егеубаеваның көлігін өртеді деген күдікпен ұстаған. Олар Elmedia редакциясының есігін қиратты" деген де күдікке ілінген. Ұсталғандар 15, 16 және 17 жаста.