Фото: ашық дереккөз
Журналист Ботагөз Омарова көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікті ретінде үйқамаққа алынды деп хабарлайды Ult.kz.
Мәліметке сәйкес, сот шешімімен журналистке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ тағайындалған. Сондай-ақ түнгі уақытта оның үйінде тінту жүргізілетіні айтылған.
20 наурыз кешінде Омарова өзінің полицияда отырғанын хабарлаған. Кейін Астана қалалық полиция департаменті оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді. Іске негіз болған – түскен арыз.
Бастапқыда журналист іс бойынша қорғау құқығы бар куә ретінде жауап берген.
Осы жағдайға байланысты Астанадағы журналистің әріптестері де пікір білдіріп, құқық қорғау органдары тарапынан толық ақпараттың берілмеуіне алаңдаушылық танытты.
