21 қар, 2021 сағат 10:10

Жәнібек Әлімханұлы бұрынғы әлем чемпионын нокаутқа жіберді - видео


Жексенбі, 21 қарашада Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткен кеште Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы  француз боксшысы Хассан Ндам Нжикамды нокаутпен жеңді.

Жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы өзіне тиесілі WBO Global чемпионы титулын қорғап қалды. 

Үшінші раундта қазақстандық бірнеше соққыдан кейін экс-чемпионды нокдаунға түсірді. Бірақ Хассан Н'Дам жекпе-жекті жалғастырды. Осыдан кейін Әлімханұлы қарсыласын соққының астына алды. Сегізінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, отандасымыз жеңіске жетті.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста өткізген 10 жекпе-жегінде жеңген, алтауын нокаутпен аяқтаған.

Биыл маусымда АҚШ боксшысы, әлемнің бұрынғы чемпионы Роб Брантты 8 раундта техникалық нокаутпен жеңген.


Хасан Ндам Нжикам кәсіпқой бокста 35 жекпе-жек өткізіп, 21-ін нокаутпен жеңген, бес рет жеңілген.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Жәнібек Әлімханұлы 2013 жылы әлем және Азия чемпионы болған, 2016 жылы Рио олимпиадасына қатысқан.

2021 жылдың қыркүйек-қазан айларында жаңартылған BoxReg рейтингі бойынша орта салмақта  өнер көрсететін Жәнібек Әлімханұлы WBC тұжырымында 4 орында, IBF тұжырымында 9 орында, WBO тұжырымында 2 орында тұр. Орта салмақтағы әлем чемпиондары ішінде Қазақстанның белгілі боксшысы Геннадий Головкин бар.