Жаңаөзен тұрғындарының суреті, дереккөз: Lada.kz
Жаңаөзеннің жұмыссыз тұрғындары аштық жариялады, деп хабарлады lada.kz порталы.
Бүгін, 3 мамырда Жаңаөзен қаласының 15-ке жуық жұмыссыз тұрғыны әкімдіктің алдына жиналды.
"Жұмысқа орналастыру проблемасын шешуге әлі күнге дейін көмек көрсетпегендіктен, біз аштық жариялауды көздеп отырмыз", - дейді жиналғандар.
Еске сала кетейік, бұған дейін еңбек шарты мен жалақыға көңілі толмайтын жаңаөзендіктер бірнеше рет наразылық білдірген.
10 сәуірде Жаңаөзен жұмысшылары Астанада наразылық акциясына шықты. Олар Энергетика министрлігі ғимаратының жанына жиналды. Ереуілшілер "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға жұмысқа алуды талап етті.
Келесі күні наразылық білдірген мұнайшылар ұсталып, 12 сәуірде Жаңаөзенге қайтарылды. Елордада келіссөз жүргізу үшін жұмыс комиссиясының құрамына енген 10 өкіл қалды.