20 сәуір таңғы сағат бес шамасында Жамбыл облысы, Қордай ауданы Алматы - Ташкент бағытындағы трассаның 181-ші шақырымында Toyota көлігі жол жиегінде тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған. Көлік артында келе жатқан автобус аударылған.
"Көлік апатынан 11 адам қаза тапты, 30 адам зардап шекті" деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораздың айтуынша, оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс прокуроры Жарқын Құсайынов, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдай және қорғаныс істері басқармасы өкілдері кеткен.
Көлік апатына байланысты "жол ережесін бұзу", "көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен облыстық полиция департаменті өкілдерінен құралған шұғыл-тергеу тобы құрылған.
"Облыс әкімдігі жедел штаб жұмысын ұйымдастырып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті психологтар кезекшілік ететін +7(7262) 513575 және +7(7262)514167 "қауырт желісін" іске қосты. Жол-көлік апаты фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІМ және облыстық полиция департаментінің қызметкерлерінен жасақталған жедел-тергеу тобы құрылды. Автокөлік құралдары жүргізушілерінің кінәсі сот сараптамаларының қорытындысын ескере отырып, тергеу барысында анықталатын болады", - делінген таратылған ақпаратта.