08 жел, 2025 сағат 13:11

Ұжымдағы буллинг: қалай қарсы тұруға болады?


Фото: pinterest

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Біздің қоғамда кең таралған мәселенің бірі қызметте қысым көру. Кейде басшылықтан, кейде тәжірибелі ересек буыннан, ал кейде тұтас ұжымның буллинг жасауы да ғажап емес. 

Буллингтің алдын алу

Жаңадан қызметке келген маманның әрекеті қандай болу керек? Әдетте жаңадан келген жас маман өзін өте білімді, белсенді көрсетуге ұмтылып, барлығымен бірдей жақсы араласып кетуге тырысып, қате жібереді. Сол жерде бұрыннан келе жатқан қызметкерлердің алдында өзін тым сенімді, биік ұстау, сол қызметте бұрыннан қалыптасқан дәстүрді сынау, қызмет жүйесіне өзгерістер енгізуге тырысу ‒ үлкен қате. Мұндай әрекет ешкімге ұнай қоймайды.

Екіншіден, бәрімен белсенді араласу, ішкі саясатқа кірісу, ұжым ішіндегі белгілі бір тарапқа қатты жақындау немесе басшылыққа ұнауға тырысу алауыздыққа, өзіңізге қарсы тараптардың пайда болуына әкелетінін ескеру керек. Тым белсенділікпен қатар, тым жұмсақтық та "сізді басынуға болады" деген пікір қалыптастырады. Сондықтан әр әрекетіңіз орынды, нақты, салқынқанды болуы тиіс.

Буллинг көрінісі

Жеке басын кемсіту, айқайлау, жиі байлану секілді тікелей буллинг түрі болады. Әдейі шамадан артық жүктеме беріп, жұмысты қиындатып, қажет ақпаратсыз қалдырып саботаж жасайтын немесе басшылық тарапынан қысым жасап, қызметкердің артынан өсек тарататын жанама буллинг түрлері де кездеседі. Бұлармен күресу қиын. Бірақ мүмкін.

Буллингпен күрес 

Қызметтегі қысымды сезіне бастаған сәттен өзіңіздің шекараңызды нақты, әрі әдепті түрде бекітіп отырсаңыз үлкен жанжалдың алдын алуға мүмкіндік береді. Ақыры үлкен даудың болатынын сезсеңіз, әр жағдайды өзіңізді қорғау мақсатында тіркеп отырған абзал. Болған күні, уақыты, қандай сөздер айтылды, хаттар, скриншоттар бәрі қажет болады. Басшылыққа, ұжымға жағдайды жеткізіп, оны оңтайландыруды талап ету кезінде барлық сөзіңіз, хатыңыз эмоция мен агрессиясыз әдеппен, фактілермен жеткізілуі өзіңіздің адекват адам екеніңізді көрсетеді.

Пайым

Кей жағдайда ұжымдық буллингтің туындауы маманның өзіне байланысты. Кей жағдайда басшылықтың, қызметте қалыптасқан жүйеге байланысты. Келіссөзге ашық, жақсы мамандарды сақтау, кадр тәрбиелеуді жолға қойған қызмет орындарында буллинг орын алған жағдайдың өзінде шешімін табады. Ал кей жағдайда бәрі бекер. Маман қызметте үнсіз шыдауы мүмкін. Себебі әрең тапқан қызмет, оның жалақысы да жаман емес, бала-шағаны асырау керек, кей қызметкерде несие де бар.  Табыс та, карьера да маңызды. Алайда денсаулық пен жеке қадір-қасиеттен маңызды ешнәрсе жоқ.  Қызметтегі қысым денсаулыққа, психикаға салмақ түсіре бастаса   ‒ ол жерден кету ең дұрыс шешім. Ал жақсы маманды сақтай алмау қашанда мекеме мен басшылыққа сын.


Динара Болат