Freedom Inside '26

Қазақстанда қағаз еңбек кітапшаларынан бас тарту жоспарланып отыр

Қазақстанда қағаз еңбек кітапшаларынан бас тарту жоспарланып отыр
ашық дереккөз

Қазақстанда келесі жылдан бастап қағаз еңбек кітапшаларынан кезең-кезеңімен бас тартып, еңбек қызметін толық цифрлық форматта есепке алу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Журналистердің қағаз еңбек кітапшаларының болашағына қатысты сауалына жауап берген Ербол Тұяқбаев бұл құжаттың цифрландыру дәуірінде біртіндеп өзектілігін жоғалтып келе жатқанын айтты.

Оның сөзінше, бүгінде азаматтардың еңбек қызметі, зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдері туралы барлық ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталады. Сондықтан қағаз құжаттарды жүргізу азаматтар мен жұмыс берушілерге қосымша жүктеме түсіреді.

– Жасанды интеллект дәуірінде қағаз еңбек кітапшасының қажеттілігі күн өткен сайын азайып келеді. Мемлекет азаматтың еңбек жолы туралы мәліметтерді қағаз құжатсыз-ақ көре алады. Миллиондаған адам еңбек кітапшаларын сақтауға немесе жоғалған жағдайда қалпына келтіруге уақыт жұмсайды. Ал жұмыс берушілердің кадр бөлімдері әлі де ауқымды қағаз құжат айналымын жүргізуге мәжбүр, – деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қызметін есепке алу жүйесін одан әрі цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, келесі жылдан бастап қағаз еңбек кітапшаларынан кезең-кезеңімен бас тарту және толық цифрлық форматқа көшу жөнінде нақты шешімдер қабылданбақ.

Ербол Тұяқбаевтың пікірінше, болашақта қызметкерлер еңбек өтілі туралы ақпаратты бірнеше секунд ішінде телефон арқылы көре алуы тиіс. Ал жұмыс берушілер қажетті мәліметтерді мұрағаттарды ақтармай-ақ және қосымша анықтамалар сұратпай-ақ алуға мүмкіндік алады.

Вице-министрдің айтуынша, реформаның басты мақсаты – еңбек өтіліне қатысты деректерді автоматты түрде растау жүйесін қалыптастырып, қағазбастылықты азайту, бюрократиялық рәсімдерді қысқарту және құжаттардың жоғалу қаупін жою.