04 қаз, 2024 сағат 12:10

Ұстаздар туралы үздік 5 ән

Фото: ашық дереккөз

Қазақта мұғалімдердің еңбегін мадақтап, олардың қоғамдағы рөлін асқақтататын көптеген туынды бар. Ult.kz Ұстаздар күні қарсаңында еліміздің әр білім ошағында жыл сайын шырқалатын ең танымал 5 әнге тоқталды. 

«Ұстазым менің, ұстазым» 

Ұстаздар қауымының әнұранына айналған, ел арасында кең таралған бұл әнді композитор Әбілахат Есбаев пен ақын Аманжол Шәмкенов жазған. Естеліктерге сүйенсек, 1960 жылы Алматыда өткен мұғалімдердің құрылтайында ұстаздар туралы жаңа ән керек болып, Жамал Омарова «Бұл әнді тек Әбілахат қана жаза алады» деп үлкен сенім артады. Осылайша бір күннің ішінде жазылған ән көптің көңілінен шығады. 

«Ұстазым» әнін қазіргі таңда әнші Ақбота Керімбеков нақышына келтіріп орындап жүр.

Ақбота Керімбекова – «Ұстазым»

Сөзі: Аманжол Шамкенов; Әні: Әбілахат Еспаев

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын,
Есімде, әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

Қайырмасы:

Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым.

Зердемді сен ашпасаң не етер едім
Өмірден сыбағасыз кетер едім.
Ғажайып дүниенің сырын ашып,
Қияға қызықтырып жетеледің.

Қайырмасы:

Өзіңнен өмірге азық ала бердім,
Ұшырып мені алысқа қала бердің.
Бойымда отың кетті ұшқын атқан
Келеді жана бергім, жана бергім.

Қайырмасы:


«Алғашқы ұстазым»

«Ғалым да, шахтер де бас иетін, Ұстазым, бар сенің қасиетің» деген сөзді әр бала шырқап өсті. Әннің авторлары — ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов пен композитор Әшір Молдағайынов. Қос өнерпаздың шығармашылығының шарықтау шегі 1970-1980 жылдар кезеңіне келгенін ескерсек, бұл ән де сол кезеңде туған деп топшылаймыз. Нұрсұлтан Әлімқұловтың атымен қазірде Алматының Қарасай ауданында орта мектеп аталған. 

«Алғашқы ұстазым» әнін «Музарт» тобы ән-кештерде жиі орындайды.

«Алғашқы ұстазым»

Ғалым да, кенші де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.

Ұстазым!
Ақылшы дос, ой-арманым,
Арналсын саған осы аяулы әнім.

Күтеді біздерді үміт алдан,
Ұстазым, мен сені ұмыта алман.
Үйретем деп өмірдің парасатын,
Ағарды ғой біз үшін қара шашың…

Ұстазым!
Ақылшы дос, ой-арманым,
Арналсын саған осы аяулы әнім.


«Мұғалім — ол біздің»

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, аудармашы Мұзафар Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі зор. Ақынның "Мұғалім ол біздің" өлеңіне композитор Ибрагим Нүсіпбаев ән жазып, ұстаздарды ұлықтайтын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын керемет туынды дүниеге келді. 

«Мұғалім — ол біздің»

Сөзі: М.Әлімбаев, Әні: И.Нүсіпбаев

Білімнің кілтіндей,
"Әліппе" ұстатқан.
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан.

Қайырмасы:

Қамқоры ұл, қыздың –
Мұғалім – ол біздің.

Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда.
Жаманнан безуге
Жақсылық жасауға.

Қайырмасы:

Атам да сыйлайтын
Атамның тұстасы.
Папам да сыйлайтын
Ауылдың ұстазы.

Қайырмасы:


«Ұстазым»

Ұстаздар күнінде жиі шырқалатын әндердің бірі композитор Арман Дүйсеновтың әуеніне және ақын Бекарыс Шойбековтың сөзіне жазылған «Ұстазым» әні. Ең алғаш туындыны композитор әнші Динара Қырықбаевамен орындап шықты. 

Арман Дүйсенов 2023 жылы дүние салды, артынан ұлағатты ұстаздарға арнап, мәңгі өшпес туынды қалдырды.

«Ұстазым»

Сөзі: Бекарыс Шойбеков; Әні: Арман Дүйсенов

Тыңдаған көңілдегі толғамымды
Шын алған тәрбиеммен талғамымды
Өмірдің маған сыи деп білемін
Өзіңдей жанға шәкірт болғанымды
Талпынған балапан ем ұядағы
Қырандай жетілдірдің ұядағы
Ұстазға деген ыстық сағынышым
Бір әнге қалай ғана сыйа алады.

Қайырмасы: 

Ұстазым менің
Қамқорым едің
Баулыған осы өнерге
Жүрегім дархан
Өзіңнің арқаң
Биікке шықсам егерде.

Өнердің мен білмейтін қатпарларын,
Жаныма сіңіргенше тоқталмадым.
Алдымнан шықты бүгін қолын бұлғап,
Қанша жыл қиялдаған тәтті арманым.

Қайырмасы:


«Ұстазым»

Мұғалімдерге арнап, кейінгі жылдары шыққан әндердің ішінде композитор, әнші Ұлықпан Жолдасовтың "Ұстазым" әні де танымал. Әнге сөз жазған - ақын, қазірде депутат Ринат Зайытов.

«Ұстазым»

Сөзі: Р.Зайытов, Әні: Ұ.Жолдасов

1.Аямай тер төгесің
Тәрбие мен тәлімге
Өз балаңдай көресің
Шәкіртіңнін бәрін де.
Еңбегің бар есімің
Келешекке қалдырған.
Балапандар кешегі
Қыран болып өседі
Қанаттанып сенің алдыңа.

Қайырмасы:

Алыстамайтын асқарым
Мен үшін мәңгі жас шағың
Тұп-тұнық таза бастауым,
Ұстазым!
Жүректің қалар төрінде
Әр сөзің қуат көңілге
Жолдама берген өмірге,
Ұстазым!

2.Өмір жайлы ойласам
Сан-сынаққа салады.
Дәл өзіңдей бір адам
Жақсы көрмес баланы.
Секілдісің бейнекөр
Маған асқақ айбының
Еркелейтін, еретін
Бейнетіңе сенетін
Шәкірттерің сенің байлығың.

Қайырмасы: