12 ақп, 2025 сағат 16:48

"Ұлыңыздың атын Құнанбай деп қойсаңыз 300 мың теңге берем" -Журналист ерекше ұсыныс жасады


Фотода: Актер Досхан Жолжақсынов Құнанбай рөлінде. Суреттің авторы - Рафат Бегишев

Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай тұрғындарға ерекше ұсыныс жасады. Ол баласының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге, яғни әр адамға 300 мың теңгеден бөлетінін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Нұрсейіт Жылқышыбай бұл идеяны кәсіпкер Дулат Тастекейден алған екен.   

"Кәсіпкер Дулат Тастекей ағамыз Ұлы Абайдың 180 жылдығына керемет бір бастама көтеріп жатыр екен. 2025 жылдың 10 тамыз күні дүние есігін ашқан барлық Абайларға 180 мың теңгеден бермек екен. Асылтас қорының бұл бастамасын мен де өз шама-шарқымша қолдаймын. Бірақ... ", -дей келе өз шартын фейсбук арқылы жариялады.

Фото: Нұрсейіт Жылқышыбайдың фейсбук парақшасынан

"Қазақта Абай деген ат аз емес. Ал Құнанбай ше? Алда бір жазғанымдай Құнанбай, Дөнентай, Тұрсын сынды қазір қазақы аттар қойылмай кетті. Есесіне арабша аттар қаптады. Бұл бір. Екіншіден Абайдың Абай болуына ықпал еткен әкесі. Емендей берік, бәйтеректей зор Құананбай! Қарадан шығып хан болған. Әділдікті қақ жарған шешен әрі балуан болған тұлға!" -деп айтты Н. Жылқышыбай. 

Журналистің шарты: ұлының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге бөлінеді. Яғни  баласының атын Құнанбай деп қойса 300 мың теңгені бірден ата-анасының шотына аудармақ.

Ол үшін баласының атын Құнанбай деп қойғанын дәлелдейтін туу туралы куәлікті Н. Жылқышыбай көрсеткен WhatsApp номеріне жіберу керек. Бұл шара 1 наурыздан басталады.  

"Әрине кейін бұл шараның есебін өздеріңізге беремін. Он сәби Құнанбайды өздеріңізге таныстырамын. Сіздер ақ тілектеріңізді айтасыздар!" -деді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Бұл идея желі қолданушыларының қызығушылығын туғызды. Журналист Гүлзина Бектасова арнайы Ұлттық статистика бюросындағы ақпараттарды зерттеп, елімізде 1-18 жас арасында  Құнанбай есімді 135 бала бар екенін анықтапты. Құнанбай есімді 22 баланың жасы – 3-те, бір Құнанбай 12-де болса, біреуі – 13-те екен деп жазады журналист.