15 мам, 2017 сағат 10:57

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Жүсіпбек Аймауытов – Жұмат Шанин (фото)

Жүсіпбек Аймауытов ауылынан аттанған «Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт атты сапары Жұмат Шанин ауылына ат басын тіреді. Сал-серілік дәстүрді жалғаушы топты ауыл әкімі Таңат Сағынтаев пен ауыл ақсақалдары қарсы алды.

Бүгінгі күннің серілері тұңғыш қазақ театрының негізін қалаушы Жұмат Шанин ауылында «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты.

Саяхатшылар Жұмат Шанин ауылына барар жолда арнайы Әнет тауы етегінде орналасқан Мақаш қыстауына түсті. Қыстау иесі Сүтжан Кәрімовтың жол бастауымен ескі мешіт орынымен танысты. «Бұл жер Нұрғали молла мешітінің орны. Нұрғали өз заманында Тройцк медіресесін бітірген бес қазақтың бірі. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Құлболды-Майлытоннан мұғалім мен молдалардың көктеп шығуының сыры осында» - деді осынау өлкенің тарихын жастайынан танып өскен Сүтжан Кәрімов.

Қыстау маңында қазақтың  тағы бір асыл перзентінің бейіті орналасқан. Екібастұз атауының пайда болуы мен әйілі көмір кенішінің ашылуына тікелей септігі тиген геолог Қосым Пішенбаев осы қыстау маңында жерленген.

Мақаш қыстауынан аса бере Әулиебұлақтан сусынын қандарған жолашыларға, атты сапар басшысы Орал Рахмашұлы осы маңның сырын баян етті: «Бұл жер біздің аталарымыз Ақбура Қарқынбай мырзаның қонысы болған. Осы маңда «Қарқанбайдың сабасын» білмейтін қазақ жоқ. Шоң би Сүйіндіктің атынан Қаракесек Қонысбайға ас береді. Сол аста қонақтарды қымызбен қамтуды біздің атамызға жүктейді. Төрт құла айғырдың терісінен жасалған сабаның жан жағынан кереге тартылып, киіз үй құрылған екен. Сол сабаны үш атты жігіт тұрып пісетін көрінеді. Ас барысында қымыз бір сәт те үзілмей жетіп тұрған. Мейрамның бес баласына түгелдей жетті дейтін көрінеді ел. Сабаны толтыру үшін 300 бие сауылған».

Жұмат Шанин дүниеге келген Шана қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағына өтіп кесе де, режиссер атындағы ауыл дара дарыннның есімін елеусіз қалдырмағын. Меймандарды ақ көңілімен ақ төсеп қарсы алған жұрттың көңілі шат-шадыман. Сақасын иіріп шуылдасып тұрған топ бала көзге түсті бірден. Ауыл балаларының ұлттық ойынды дәріптеп, бойына сіңіріп жатқаны жанымызды жадыратты.

Мектеп атауы да ақын, «Алаштың» арда азаматы Қошке Кемеңгеровтың есімін иеленген. Осынау өңірде суырып салма ақындар Қобылан Бөрібайұлы, Тиыштығұл Манабайұлы, «әнді ерттеп, күйді мінген» әншілер Жарылғапберді Жұмабайұлы, Қали Байжанов дүниеге келген. Осындай перзенттердің мекенінде халық композиторларның әндері әуеледі.

Кездесу соңында атты шеру мүшелері Баян өңірінің гимініне айналған «Баянауыл вальсін» шырқады. «Алматыдан алыста болса дағы, Алатаудан аумайтын» өңірдің перзенттеріне тағзым етіп жүрген топ Жаяу Мұса ауылына жол тартты.

Арнайы Ұлт порталы үшін Жұмат Шанин ауылынан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ