26 ақп, 2019 сағат 09:37

Ұлттық экономика министрі: "Халықтың қалтасы үнемі қалың болуы керек..."

Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету ведомствоның басты мақсаты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Біздің мақсат – экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету. Сапа болса, бәрі жақсы болады. Халықтың қалтасы үнемі қалың болуы керек. Бұл үшін біз жұмыс істейміз", - деп сендірді Дәленов үкімет кулуарында.

Жаңа министр көлеңкелі экономиканы төмендету үшін салық кодексіне өзгерістер енгізілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, журналистер одан көп балалы аналарға арналған жәрдемақы туралы да сұрады.

"Қазір есептеулер жүргізіліп жатыр. Арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Жуырда жәрдемақының мөлшері жария етіледі. Жәрдемақының қазіргі мөлшері, әрине, жеткіліксіз деп ойлаймын", - деді ол.

Сондай-ақ, Дәленов бұрынғы басшысы, экс-министр Тимур Сүлейменовтің қандай қызметке тағайындалғаны әзірге белгісіз екенін және оның жақсы министр болғанын айтты.