АҚШ президенті Дональд Трамп "Ислам мемлекеті" террористік тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің Сирия солтүстігінде Америка жасақтары ұйымдастырған әскери операция кезінде өлгенін растады.
Жексенбі, 27 қазанда Ақ үйде арнайы мәлімдеме жасаған Трамп операцияның жай-жапсарын баяндады. Алайда ол операцияның нақты қай аумақта жүргізілгенін айтпады. Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі оқиға орны ретінде Түркиямен шекаралас Идлиб провинциясындағы елді мекендердің бірін атаған.
Трамптың айтуынша, Америка әскерилері операция аумағына сегіз тікұшақпен жеткізілген. АҚШ-тың әскери-саяси басшылығы операцияны тікелей эфирде бақылап отырған. Трамптың сөзінше, арнайы жасақ өкілдерімен атыс кезінде әл-Бағдадидің жақындары өлген. ИМ жетекшісі туннель арқылы қашып кетпек болған, ақырында ұсталатынына көзі жеткеннен кейін өзін жарып жіберген. Онымен бірге кәмелетке толмаған үш баласы да көз жұмған. Бұған дейін әл-Бағдадидің екі әйелі де өздерін жарып жіберді деп хабарланған еді. Бірақ Трамптың мәлімдемесінде олар жайлы айтылмады. АҚШ президентінің сөзінше, әл-Бағдади жасырынды делінген үйден 11 бала эвакуацияланған, олар зардап шекпеген. Америка жағынан ешкім зардап шекпеген.
Ақ үйдегі баспасөз жиынында Трамп "Ислам мемлекеті" террористік тобы жасаған қылмыстарды санамалап өтіп, әлем қауіпсіз бола бастады деді.
Дональд Трамп операцияға көмектескені үшін Ресей, Түркия, Сирия және күрдтерге алғыс айтты. Трамптың айтуынша, мысалы Ресей Сирияда Америка жасақтарына әуе дәлізін ашқан. Алайда АҚШ әріптестері операцияның нақты мақсатын білмеген.
Трамптың сөзінше, Американың барлау қызметі екі апта бұрын "Ислам мемлекеті" тобы жетекшісінің қайда екені туралы дерек алған, содан бері операцияға дайындалған.
Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, әскери операция 27 қазанға қараған түні жүргізілген. Ирак пен Сириядан ИМ ығыстырылғаннан кейін топ жетекшісінің қайда екені белгісіз болған.