7 маусымда Ресей астанасында алқабилер соты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті, қазақстандық Томирис Байсафаны өлтіру ісінде үкім шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Істің бас фигуранты - Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов ақталып шықты.
"Меджидов 105-баптың 1-бөлігі бойынша алқабилердің үкіміне сәйкес ақталды. Ертең сағат 9:30-да үкім жарияланады", - деп хабарлады Никулин аудандық сотының баспасөз қызметі.
"Кінәсіз, сот залында бостандыққа шықты (...) Құрметті достар, оны (Муртузали Меджидовті айтып отыр) кінәсіз деп тапты. Не айтарымды да білмеймін...", - деп жазды марқұмның анасы Жанна Ахметова.
Еске салайық, 2018 жылдың 13 сәуірінде ММХҚИ Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының төртінші курс студенті Томирис Байсафа жұмбақ жағдайда ЖОО-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Сол жылдың 3 мамырында Томирис Склифосовский ғылыми-зерттеу институтында қайтыс болды.
Қызды өлтірді деген күдікпен Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов ұсталған еді.
Кейінірек Томиристің туыстары оның өлімі кездейсоқ трагедия емес деп есептейтінін мәлімдеді. Өйткені тергеудің бірінші кезеңінде төтенше жағдай болған сәтте бөлмеде оның курстасы болғаны анықталған. Тергеу екі жыл бойы бұл оқыс оқиға емес, адам өлтіру фактісі болғанына дәлел жинақтады.
Бұған дейін қыздың анасы жаңа тергеуші тергеу шаралары толық көлемде жүргізілмегендіктен, "уақыты өтіп кетті" деп есептейтінін айтқан болатын. Ол қажетті материалдар алынбағанын, тиісті сараптамалар жасалмағанын айтты. Жанна Ахметова мұны тергеушілер әдейі істегенін мәлімдеген еді.
Өткен жылдың қазан айында қыздың анасы Тоқаевпен кездесті. Президент бұл оқиғаны жеке бақылауына алған болатын.
