10 мам, 2021 сағат 22:22

Тоқаев ШҚО-дағы алапат өртке байланысты тапсырма берді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-дағы алапат өртке байланысты тапсырма берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде.


Еске салайық, бүгін әлеуметтік желілерде Риддер қаласының маңындағы орманда жойқын өрт туралы видео тараған болатын. Видеоны ШҚО ТЖД мен куәгерлер жолдаған. Бастапқыда өрттен 14 үй зардап шеккені айтылған еді, алайда кейінірек 35 үйді жалын шарпығаны анықталды. Төтенше жағдайдан бір адам қаза тауып, екі адам зардап шеккені, олар ауруханада жатқаны хабарланды. Сондай-ақ, өртпен күреске 100 адам мен МИ-8 тікұшағы жұмылдырылғаны белгілі болды.