#
#
Жексенбі 11/04/2021

Тоқаев: Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, бауырлас ел әрі сенімді серіктес

  • 02.03.2021
  • 0
  • 585

Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты.

– Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ, тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ағайын елдің қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапары қос мемлекеттің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған мерейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтып, бүгінгі келіссөздер қорытындысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған. Біз бүгін де бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды келісім-шартқа қол қойдық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы аясында белсенді әрекет етуде. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ауқымды жұмыстарды бірге атқарып келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіретінін жеткізді.

– Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізу жөнінде келісім жасалғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті. 

Екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі маңызды міндеттің бірі – азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту.

– Осы ретте шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы ең ірі «Қордай» (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзара байланысты нығайту үшін іргелес жатқан аймақтардың ынтымақтастық аясын кеңейту жөнінде келісім жасалғанына тоқталды. Оның айтуынша, Өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумын жуық арада өткізу қажет, сондай-ақ, шекара маңында тауарды ресімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру керек.

Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық.

– Атап өтетін жайт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат  бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, сондай-ақ, өңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.

– Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық, – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастарының арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10  есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бастаманың қарастырылып жатқанын айтты.

Қазақстан мен Қырғызстанның көшбасшылары өңірлік және жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көптеген мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас. Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Мемлекет басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің әлеуетін нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.

Президент сөзінің соңында келіссөз қорытындысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, сенім және тату көршілікке құрылған қарым-қатынастарды қос тарап та одан әрі нығайта беруге бейілді екенін көрсетті деді.

– Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Бұл жұрттың бәріне белгілі. Мемлекет басшыларының міндеті – екіжақты қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналдыру. Бүгінгі келіссөздер аталған мақсатты шешуге арналды. Пікір алмасулар өте пайдалы әрі табысты болды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындадық, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы іс-қимылдарды арттыру мәселесін талқыладық. Екі ел арасындағы ықпалдастық бойынша кез келген мәселені бауырлас халықтардың ежелден қалыптасқан мүдделерін ескере отырып, шұғыл шешуге келістік. Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоұлы Жапаровтың сапары табысты өтті деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар