20 шіл, 2021 сағат 07:45

Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Ардақты ағайын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз - елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі.

Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.  

Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.   

Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін. Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!" - деді Мемлекет басшысы.