15 там, 2021 сағат 15:04

Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады


Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізді. Бұл туралы Қазақстан Президенті твиттер парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда. Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», - деп жазды Президент.

Еске салайық, Ауғанстанда үкіметтік күштер мен Қазақстанда тыйым салынған "Талибан" қозғалысының содырлары арасында қақтығыс жүріп жатыр. Соңғы айларда олар айтарлықтай көп аумақты иемденіп, ірі қалаларға шабуыл жасады. Эскалация АҚШ пен олардың НАТО-дағы одақтастары Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін басталды.

Бұған дейін шетелдік БАҚ өкілдері тәліптер Ауғанстан аумағының 90 пайызын бақылауына алғанын хабарлаған болатын. Осылайша, Ауғанстандағы ірі қалалардың ішінен Кабул мен Желалабад, Пәкістанмен шекарадағы Нангархар провинциясының орталығы ғана үкіметтің қолында қалды.