Фото: Xinhua
Тибеттің биік таулы аймақтарының бірінде 6,8 магнитудалы жер сілкінісі болды. Кемінде 53 адам қаза тауып, тағы 62 адам жарақат алды. Жерасты дүмпулері Непал, Бутан және Үндістанда да сезілді.
7 қаңтар күні таңертең Тибеттің биік таулы аймақтарының бірінде 6,8 магнитудалы жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Reuters. АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінің магнитудасын 7,1 деп бағалады.
Эпицентр Эверест шыңынан солтүстікке қарай шамамен 80 км жерде, 10 км тереңдікте орналасқан Тингри уезінде болған. Бұдан кейін магнитудасы 4,4-ке дейін жеткен бірнеше афтершоктар тіркелді.
Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісі салдарынан кемінде 53 адам қаза тауып, тағы 62 адам жарақат алған. 1000-нан астам үйге зақым келген.
Reuters агенттігі жер асты дүмпулері көршілес Непал, Бутан және Үндістанда да сезілгенін атап өтті.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин құрбандар санын азайту үшін ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. Зардап шеккен аймақтарға 1500-ден астам өрт сөндіруші мен құтқарушылар жіберілді.