«Теңізшевройлдан» экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 726 млн-нан астам теңге өндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атырау облысы бойынша экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде компания тарапынан қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларын, оның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар жүзеге асырылғаны анықталған.
«Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-не еліміздің экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген залалдарды өтеу туралы 145 988 808 теңге, 60 985 880 теңге және 519 477 172 теңге көлемінде нұсқамалар берілді. Алайда, «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан жоғарыда көрсетілген нұсқамалар ерікті түрде орындалмады. Сол себептен,департамент Нұр-Сұлтан қаласының сотына «Теңізшевройл» ЖШС-нен мемлекет кірісіне залалдарды өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінді. Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2020 жылғы 21 қазандағы және 2 қарашадағы шешімдерімен департаменттің «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты талап арыздары қанағаттандырылды», - деп хабарлады департаментттің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы.
«Теңізшевройл» ЖШС сот шешімдерімен келіспеген. Сөйтіп, департаменттің нұсқамалары мен сот шешімдерінің күшін жою, талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тарту, жаңа шешімдерді қабылдау туралы апелляциялық шағым берген. ҚР ЖоғарғыСотының мамандандырылған сот алқасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот шешімдері заңды күшіне енді. «Осылайша, «Теңізшевройл» ЖШС-нен жалпы сомасы 726 451 860 теңге көлемінде жоғарыда аталған залалдар мемлекет кірісіне өндіріп алынды», - деді Аслан Жеңісұлы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын күкірті мол газды жаққан «Ембімұнайгаз» АҚ-дан 1,3 млрд теңге өндірілгенін жазған болатынбыз.