Фото: Stan.kz
Оқиға кезінде марқұмның отбасы бұл үйде тұрып жатпаған. Полиция отбасыны қорғау үшін күзет қойғаны мәлім болды.
Ал Бас прокуратура үйді өртеу дерегі бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Алматы облысының әкімдігі кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің үйінде болған өртке қатысты түсініктеме берді.
Әкімдік марқұмның отбасының баспанасын қалпына келтіруге көмектесетін болды.
"Алматы облысының әкімдігі Шерзат Болаттың отбасына өрттен зардап шеккен үйлерін қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар қалпына келтіру жұмыстары кезінде оларға уақытша баспана беріледі", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, айдың басында Талғарда төбелес шығып, 16 жастағы жасөспірім қаза болған. Оқиғаға қатысы бар деген 7 күдікті ұсталған. Алайда марқұмның туыстары мәлімдеме жасап, қылмысқа қатысы бар барлық адам ұсталмағанын мәлімдеді. Артынша ІІМ істі ерекше бақылауына алған.