08 қаз, 2024 сағат 10:48

Талғарда 16 жастағы жасөспірімнің қазасы: туыстары әділ тергеу жүргізуді талап етті


Алматы облысы, Талғар ауданында жанжал кезінде қаза болған жасөспірімнің жақындары тергеудің әділ әрі ашық болуын талап етіп жатыр. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Олар қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуінен қауіптеніп отыр.

7 қазанда марқұмның туыстары Талғар ауданының әкімдігіне барып, әділетті сот өткізуді сұрады. Жиналғандар жайлы kris_p_talgar парақшасында жарияланған видеода полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында болғаны көрінеді.

Марқұмның туыстары әкімдік алдында күдіктілердің барлығын қамауға алу талабын қойды.

Сол парақшада жарияланған видеода қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдап, жергілікті билік шара қолданбай отыр деп наразылығын білдіреді.

"Мен қайтыс болған, марқұм балам Болат Шерзаттың әкесімін. Бас прокуратураға, тікелей Берік Ноғайұлына үндеу жасағым келеді. Балам иттік өліммен қаза тапты. Содан бері Талғар әкімі, прокуроры, аудандық ішкі істер бөлімшесі бастығы ешқандай іс-әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр, баламның аты-жөнін де білмейді. Хәл-жағдайды сұрауға шамасы келмеді, түн жарымында бізді тергеуге шақырып, өзімізге арыз жаздырып отыр. Ашық сол болуын талап етемін. Әділ шешім болсын! Менің баламмен жасты балалар пышақталмасын, өлмесін деймін!" - деп үндеу жасады марқұмның әкесі.


Алматы облысының полиция департаменті "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс ашылып, күдіктілердің барлығы қамауға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ күдіктілерді ұстау сәті бейнежазба арқылы көрсетілді.

Айта кетейік, оқиға 4 қазан күні түнде болған, жанжал жасөспірімнің отбасы жалға алған дүкеннің маңында басталған. Сатып алушы сыра үшін төлем жасағысы келмей, дау туындаған. Шерзат пен оның ағасы дүкеннен кетуді талап еткен, бірақ сатып алушы өз таныстарына хабарласып, бірнеше көлікпен адамдар келген. Ақпаратқа сәйкес, олар жасөспірім мен оның ағасын ұрып-соғып, Шерзатқа пышақ салған. Жарақат алған жасөспірім ауруханада көз жұмған.