Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы, кәсіпкер Гүлнар Досаева жаңа компания тіркеді. DOS&Co. Ltd. деп аталатын ұйымның капиталы 100 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды ult.kz.
Компания 14 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның жалғыз құрылтайшысы - Гүлнар Досаева.
Қызмет сипаттамасына қарағанда, DOS&Co. Ltd. холдинг ретінде жұмыс істейді. Компания еншілес және үлестес кәсіпорындардың жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алып, иеленумен айналыспақ. Сонымен бірге топтың даму стратегиясын үйлестіріп, құрамындағы ұйымдарға корпоративтік және әкімшілік қолдау көрсетеді.
Гүлнар Досаева Forbes Kazakhstan басылымының 2026 жылғы ең ықпалды 25 әйел рейтингінде 13-орынға шыққан. Ал ең бай 25 әйел тізімінде оныншы сатыға орналасқан. Басылым оның дәулетін 61 млн долларға бағалаған.
Кәсіпкердің активтері арасында Lancaster Holding тобындағы үлесі бар. Топ мұнай-газ қызметтері, өнеркәсіптік инфрақұрылым, жер қойнауын пайдалану, тау-кен өндірісі, фармацевтика, білім беру және кадр қызметтері бағытында жұмыс істейді.
Сондай-ақ Досаева Гауһар Қаппаровамен бірге “G and G Гламур” және GGonline компанияларына иелік етеді. Люкс тауарлар саудасы мен онлайн сатылымға маманданған бұл бизнестің Алматы мен Астанада он бутигі бар.
Гүлнар Досаева қайырымдылық бастамаларымен де айналысады. Ол 2005 жылы жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын “Дара” қорын құрған. Бұдан бөлек, Dos.community зияткерлік волонтерлік платформасын іске қосып, Нұрлан Қаппаров атындағы қоғамдық қордың теңқұрылтайшысы болған.
Айта кетейік, наурызда Ерболат Досаев Президент Әкімшілігіндегі қызметінен босатылды.
Ерболат Досаев кім?
Ерболат Досаев – қазақстандық мемлекет қайраткері, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. Ол 1970 жылы 21 мамырда Алматыда дүниеге келген. Ораз Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын бітірген. Алматы энергетикалық институтында және Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде білім алған.
Еңбек жолын кәсіпкерлік және банк саласында бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, қаржы вице-министрі болған. 2003–2004 жылдары Қаржы министрлігін, 2004–2006 жылдары Денсаулық сақтау министрлігін басқарған. Одан кейін экономикалық даму, экономика және бюджеттік жоспарлау, ұлттық экономика министрі қызметтерін атқарған.
2016–2017 жылдары “Бәйтерек” холдингінің басқарма төрағасы, 2017–2019 жылдары Премьер-министрдің орынбасары болған. 2019–2022 жылдары Ұлттық банкті басқарған. Алматы әкімі қызметін 2022 жылғы 31 қаңтардан 2025 жылғы 24 мамырға дейін атқарған. 2025 жылдың қыркүйегінде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалып, 2026 жылғы 25 наурызда бұл қызметтен босатылған.