Гамбургердің ішіне насыбай жасырған: Қызылордада түрмеге тыйым салынған зат өткізбек болды

Гамбургердің ішіне насыбай жасырған: Қызылордада түрмеге тыйым салынған зат өткізбек болды
ашық дереккөз

Қызылордада сотталған азаматқа гамбургердің ішіне жасырылған насыбайды жеткізу әрекеті әшкереленді. Тыйым салынған затты оның інісі сәлем-сауқат арқылы өткізбек болған, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, оқиға қаладағы №60 мекемеде болған. Тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған азаматтың інісі гамбургердің ішіне насыбай жасырып, оны ағасына жеткізуге әрекеттенген.

Алайда бақылау-өткізу бекетінде қызмет атқаратын 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі мен мекеме қызметкерлері күмәнді затты дер кезінде анықтаған. Тексеру барысында тыйым салынған өнім тәркіленді.

Аталған азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы бойынша құжаттар рәсімделіп, материалдар әкімшілік сотқа жолданды.

Айта кетейік, Қазақстанда насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандар заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.