2027 жылдан бастап бала күтімі жәрдемақысы кімдерге беріледі?

2027 жылдан бастап бала күтімі жәрдемақысы кімдерге беріледі?
Zakon.kz/Максим Золотухин

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалы отбасыларға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа талаптарға қатысты мәліметтерге сәйкес, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған төлемді тағайындау шарттары қайта қаралмақ, деп хабарлайды ult.kz.

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметтің айтуынша, әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді бұрынғы тәртіппен ала береді. Ал бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем бұрынғы табыстың 40 пайызы мөлшерінде есептеліп, сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді.

Бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты ескерілмейді. Яғни, қажетті әлеуметтік аударымдары төленген жұмыс істейтін әйелдер отбасының табысы мен тұрмыс деңгейіне қарамастан әлеуметтік төлем алуға құқылы.

2027 жылдан бастап әлеуметтік аударымдары жоқ жұмыс істемейтін әйелдерге МӘСҚ есебінен төлем тағайындау тәртібі де назарға ілініп отыр. Олар бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы ала алады. Ал бала күтіміне арналған төлемнің тағайындалуы отбасының әлеуметтік жағдайы мен қолданыстағы талаптарға байланысты болуы мүмкін.

Егер отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылмаса, оның табысы күнкөріске жеткілікті болса, бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындауға шектеу қойылуы ықтимал. Бұл ретте отбасының табысы, еңбекке қабілетті мүшелерінің жағдайы және басқа да талаптар ескеріледі.

Депутат Ләззат Қожахметтің сөзінше, қазір тұрмысы жеткілікті отбасылар санатындағы 30 мыңнан астам қазақстандық әйел осындай төлем алып отыр.

Бұған дейін Қазақстанда декреттік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібі туралы да хабарланған еді. Жаңа талаптарға сәйкес, табысын қолма-қол алатын азаматтар оны кассалық чектер немесе арнайы мобильді қосымшадағы мәліметтер арқылы растауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік салықтың төленуі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының аударылуы да ескеріледі. Ал табыс көлемі өзгерген жағдайда, оның дұрыстығы салық декларациясындағы деректермен салыстыру арқылы тексеріледі.