Миллион табады, 85 мың теңге көрсетеді: алимент төлеуден жалтарғандар қалай құтылады?

Миллион табады, 85 мың теңге көрсетеді: алимент төлеуден жалтарғандар қалай құтылады?
24.kz

Қазақстанда алимент төлеуден жалтарған 1500-ден астам азамат іздеуде жүр. Олардың тізімі арнайы порталға жарияланды. Бірқатар борышкерді құқық қорғау органдары бірнеше жылдан бері іздесе, енді біреулері табысын әдейі төмен көрсетіп, баласына төленетін қаражатты азайтудың амалын тапқан, деп хабарлайды ult.kz.

«Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, алимент төлемей, іздеуге жарияланған азаматтардың тізімін Qamqor.gov.kz порталынан көруге болады. Онда борышкерлердің аты-жөні, туған жылы, суреті және іздеуде жүрген мерзімі көрсетілген. Кейбір азаматтарды құқық қорғау органдары бірнеше жылдан бері таба алмай келеді. Мәселен, бір борышкердің іздеуде жүргеніне 1924 күн болса, тағы біреуінің із-түзсіз кеткеніне 1172 күн болған.

Алайда алименттен жалтарудың жалғыз жолы — бой тасалау емес. Кейбір борышкерлер табысын қағаз жүзінде төмен көрсетіп, төленетін қаражатты азайтуға тырысады. Мәселен, жеке кәсіп ашып немесе танысының компаниясына жұмысқа орналасып, ресми жалақысын небәрі 85 мың теңге деп көрсетеді. Нәтижесінде алимент те осы соманың негізінде есептеледі.

Заңгер Сағи Ораздың айтуынша, мұндай азаматтардың нақты табысы ресми көрсеткіштен бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

«Көп жағдайда алимент төлеуден жалтарғандар 85 мың теңге жалақы алатынын көрсетеді. Бірақ басқа фирмаларда 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Егер сот орындаушысы мен алимент өндіріп алушы азамат оның нақты табысын дәлелдей алса, тұрмыстық жағдайына да назар аударуға болады. Мысалы, қымбат киімі, көлігі немесе үйі болса, заң аясында тиісті өтініш беріп, мүлкін бағалатуға мүмкіндік бар», – дейді заңгер.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, алимент мөлшері балалардың санына қарай белгіленеді. Ата-ананың табысынан бір балаға – төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш және одан көп балаға табысының жартысы өндіріледі. Дегенмен сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын ескеріп, алимент мөлшерін өзгерте алады.

Жұмыссыздық та алимент төлеу міндетінен босатпайды. Егер борышкердің тұрақты жұмысы болмаса немесе табысын растайтын құжаттары ұсынылмаса, алимент бойынша берешек Қазақстандағы орташа айлық жалақы негізінде есептеледі. Қарыздың нақты сомасын сот орындаушысы анықтайды.

Алимент бойынша берешекті өндіріп алу үшін борышкердің мүлкі де назарға алынады. Егер үш ай бойы жалақысы немесе өзге табысы есебінен алимент өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы оның мүлкіне қатысты заңда көзделген шараларды қолдана алады. Сонымен қатар тиісті негіздер болған жағдайда банк шоттарына шектеу қойылып, елден шығуына тыйым салынуы мүмкін.

Борышкерлердің нақты табысын анықтау бағытында да жаңа тетіктер енгізіліп жатыр. 14 қазанда Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы хабарланды. Енді сот орындаушылары алимент бойынша берешегі бар азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді жүйе арқылы сұрата алады. Бұл борышкердің ресми табысын анықтауға көмектеседі.

Ал алимент төлеу міндетін қасақана орындамаған азаматтар заңда көзделген негіздер бойынша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Демек, табысын жасыру немесе ізін суыту ата-ананы баласын асырау міндетінен босатпайды.