12 жел, 2024 сағат 11:52

Талғар трагедиясы: Шерзат Полаттың өліміне қатысты оқиғалардың хронологиясы және ресми деректер

Фото: ktk.kz

Талғарда орын алған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі мен оның отбасына жасалған қастандық ауыр қылмыс ретінде тіркеліп, құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында тұр. Оқиғаға байланысты түрлі қауесеттер мен жалған ақпараттар желіде таралып жатыр. Ult.kz осы оқиғаға байланысты ресми деректер мен қоғамның пікірін жинады.

Оқиға хронологиясы

Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні Қаржаубай Нұрымовтың дүкенінде тұтынушымен Шерзат арасында келіспеушілік туындайды. Оның арты жанжалға жалғасады. Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, оқиға орнында оның әкесі мен ағасы да соққыға жығылған. 16 жастағы Шерзат пышақталып, басына мылтықпен тиген соққыдан ауыр жарақат алады. Әкесі Шерзатты ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

5-7 қазан 2024 жыл. Құқық қорғау органдары жедел-тергеу амалдарын бастады. Алғашқы деректер бойынша оқиғаға қатысы бар бірнеше күдікті анықталып, қамауға алынды. Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпарат берді.

"Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде", - делінген полиция департаменті хабарламасында.


Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Шерзаттың отбасы тергеудің әділ, ашық жүргізілуін талап етіп, Талғар әкімдігінің жолын жабады. Марқұм, 16 жастағы Шерзат Полаттың әкесі бас прокурор Берік Асыловқа үндеуінде жергілікті билік әрекетсіз отыр деп шағымданады.

"Талғар әкімдігі, прокуроры мен ішкі істер басқармасының басшысы ешқандай іс-әрекет істемей отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түн ортасында бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, алатын болса, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім, ашық сот болсын", – деді Қаржаубай Нұрымов.


Содан кейін Талғар ауданы әкімшілігі де жағдайға араласып, ресми мәлімдеме жасайды. Іс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынады.

7-9 қазан 2024 жыл. Шерзаттың өліміне наразылық ретінде жергілікті тұрғындар оқиға орнына гүл шоқтарын қойып, әділ тергеу жүргізуді талап етті. Прокуратура қылмыстық істің объективті қаралуына кепілдік беретінін мәлімдеді. Осы уақытта жеті күдікті қамауға алынады, сот оларды екі айға қамау туралы шешім шығарады. 

Шерзат Полаттың үйі өртенді

10-12 қазан 2024 жыл. Қайғылы жағдай аясында Шерзат Полаттың отбасының үйі өртенді. Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жағдайды бақылауға алып, өртенген үйді қалпына келтіруге уәде берді. Сонымен бірге, отбасыға материалдық және психологиялық көмек ұсынылды, бірақ марқұмның жақындары көмектен бас тартты. Алматы облысының прокуроры Берік Адамов осы оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Ол полицейлер өрттің алдын ала алмағанының себебін түсіндірді.

"Олар үй маңын патрульдеу туралы өтініш берді, патруль қойылды. Бірақ патрульдеу – полиция қызметкерлерінің көшені тексеру кезінде жүргізіледі. Олар тергеушіге арызбен жүгініп, кешкі сағат жеті-сегізге дейін өтініш берген. Өрт бес сағаттан кейін, түнгі сағат бірде болды", - деді Алматы облысының прокуроры.


Әлеуметтік желіде Қаржаубай Нұрымовтың өзі видео жариялады. Ол үйінің өртенгенін әлдекімдерді меңзеп: 

"Балам аздай үйімді өртегендерің не?!", - дейді видеода.


Үй маңынан канистр мен резіңке қолқап табылды. Құқық қорғау органдары 600-ге жуық адамнан жауап алынып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын жеткізді.

Осы арада әлеуметтік желіде қылмысты "Хутордың" жігіттері жасады деген қауесет тарады. Таралған мәлімдемелерге ІІМ орынбасары Бауыржан Әленов түсініктеме беріп, күдіктілер ешқандай қылмыстық топпен байланысы жоқ екенін жеткізді.

"Біз жергілікті полицияны олардың қылмыстық топпен байланысы бар болуы мүмкін деген жайт бойынша тексеру туралы ұсыныс енгіземіз. Бірақ қазір осы қылмысты ашу басты мәселе болып тұр", - деді Бауыржан Әленов.


Басшылық пен әкімшіліктегі ауыс-түйіс

Тергеу барысында күдіктілер саны 11 адамға жетеді. Жауапқа тартылғандардың қылмысқа қатысы толық зерттеліп, бейнебақылау жазбалары мен куәгерлердің жауаптары жинақталады. Сонымен қатар, Талғар қаласының және аудандық әкімшіліктің бірнеше басшысы отставкаға жіберіледі. Бұл туралы әкімдік баспасөзі хабарлайды. 

"Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталуда",– делінген хабарламада.


Одан бөлек, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов та қызметінен босатылды.

"Хуторлықтар" қылмыстық тобы шынымен бар ма?

Осы уақыт аралығында оқиға аясындағы қауесеттер мен әлеуметтік желідегі хабарлар көбейді. Олардың көбі қылмыста "Хуторлықтар" деп аталатын қылмыстық топтың қатысы бар деген бастаманы ұстанды. Бұл орында ресми ақпарат көздері мен шенеуніктер қылмыстық топтың "тіркеуде жоқ" екенін атап өтті. Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Қылмыстық іс бойынша біздің қызметкерлерден құралған топ жұмыс істеп жатыр. «Хуторский» қылмыстық тобы бар ма, жоқ па, ол туралы мен айта алмаймын. "Ұйымдасқан қылмыспен күрес" басқармасы осындай жағдайларды бақылайды. Қылмыстық істі зерделеу аяқталған кезде олар сіздерге жауап береді. Негізі қылмыстық топтар бойынша есепте тұрғандардың тізімі бар", - деді ол.


Шерзат Полаттың әкесі журналистер мен блогерлерге берген сұхбатында бірнеше рет "Хуторлықтар" тобынан қорқыту мен үркітулер келгенін мәлімдеді. Бұл тұралы құзырлы органдар нақты жауаптар мен ақпарат таратпады.

Шерзат Полаттың өлімі қоғамда әділдікке деген талапты күшейтті. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер қылмыстың ашық тергелуін және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті. Сонымен қатар, оқиға әлеуметтік шиеленіс тудырып, отбасының қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызды.

Күдіктілердің туыстары мәлімдеме жасады

Күдіктілердің ата анасы балаларының қылмысы үшін халықтан кешірім сұрап, тергеудің әділ өтуін талап еткен бейнеүндеу жариялады.

"Елімізден, халықымыздан кешірім сұраймыз. Балаларымыздың әрекеті үшін. Бірақ әділ болсын. Нұрқанат та (Шерзаттың ағасы), Қаржаубай да (Шерзаттың әкесі) жауапқа тартылсын. Біз соны тілейміз. Екі жақты бірдей қараңыздар", – деген күдіктілердің туыстары.


Видеоүндеу жасағандар Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты елді дүрліктірді, жалған ақпарат таратты деп айыптады. Одан бөлек олар Нұрқанат Ғайыпбаевты да айыптап, мылтықты алып шыққан деген мәлімдеме жасады.

"Қаруды бірінші Нұрқанат көлігінен алып шыққан. Балаларға қарай оқ атқан. Балалар тыныш тұрған жерінен Шерзат марқұм бір баланың жағын сындырды. Ойламаған жерден ұрып жіберген. Өздері мылтық пен пышақ алып шыққан. Содан жігіттер көтеріліп кеткен. Кешірім сұраймыз балаларымыз үшін. Біздікі дұрыс емес. Бірақ балаларды арандатпаса барлығы тыныш шешіліп, барлығы үйіне кететін еді. Олар Шерзатты өлтіреміз деп барған жоқ", – дейді бейнеүндеу жолдаған әйел.


Нұрқанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі

9 желтоқсан күні полицейлер Талғар шетінен ер адамның денесі табылғаны туралы ақпарат таратты. Бағдат Әшімовтың мәліметінше:

"Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол өз-өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда көз жұмған, кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы уақытта қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады".


Олан бөлек полиция марқұмның туыстарына жіберген SMS-хабарламаларын да жариялады.

"Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады", – дейді Бағдат Әшімов.


Қара жамылған отбасының адвокаттары БАҚ өкілдеріне марқұмға ешқандай қысым жасалмағанын, Шерзат Полаттың өлімі оған қатты батқанын жеткізді.

"Барлық материалдық қиындыққа қарамастан жәбірленушілер ет сатып, өз тірліктерін жасағаны қуантып еді. Бүгінгі оқиға төбемізден жай түсірді. Шерзаттың өліміне қатысты тергеу аяқталуға жақын қалған. Біз сот отырысына дайындалып жатыр едік. Марқұм Нұрқанат сотта жәбірленуші ретінде жауап беруге дайын жүрді", - дейді адвокат Саида Тәуекелова.


Отбасының тағы бір адвокаты Марал Жайлаубаеваның айтуынша, Нұрқанатқа Шерзат баласындай болған. 

"Нұрғанатқа қысым болған жоқ. Ал отбасына жасалған бастапқы қысым бойынша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Моральдық-психологиялық жағайы қиын болды, Шерзат оған баласындай болды. Ал марқұмның кешірім сұрағаны туралы іс әлі де тексеріледі", - деді Марал Жайлаубаева.


Осы жағдайдан кейін оқиғалар шиеленісті. Бірқатар қоғам белсенділері Талғардағы жағдай туралы пікір білдіре бастады. Олар Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салды дегенге сену қиын дейді.

"Қалай бір уақытта бірнеше адамға хабарлама жібереді. Ол әрдайым аудохабарлама жібереді екен. Жай ғана хат жазып кете салуы мүмкін емес. Сонямен қатар Нұрқанат қатесіз жазатын. Менің ойымша хабарламаларды Нұрқанат жазбаған", - деді Дінмұхаммед Қаматай.


Қаржаубайдың қамалуы, тергеудің аяқталатын уақыты

Қаржаубай Нұрымов інісін жерлеу рәсімінен кейін өзін агрессивті ұстады деген ақпарат желіде желдей есті. Ресмилер оның ұсталғаны туралы хабар таратты. Алдымен ұлынан кейін інісінен айрылған Қаржаубай Нұрымов БАҚ өкілдерімен кездесуді талап еткен. Ал, Алматы облысы полициясының айтуынша ол кәмелетке толмаған балалар мен айналадағыларға қауіп төндірген.

"Н. есімді азамат прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өзін агрессивті ұстады, айналасындағы адамдарға қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасындағы жандарға да қауіп төндірді. Оның жағдайына алаңдаған туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша полиция Н. есімді азаматты ұстады", – деді полиция.


15 тәулік пен елден шығару жазасы

Полиция ұстап әкеткен Қаржаубай Нұрымовпен психологтар жұмыс жүргізген. Ол денсаулығына байланысты бөлімшеден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Айтбек Амангелді бұл оқиға туралы пікір білдірді.

"Қазір Саида мен Маралмен байланыстым. Олар Қаржаубаймен бірге аудандық полиция бөлімінде. Психолог та полиция бөлімінде. Сонымен қатар бүкіл отбасыға көмек көрсету үшін тағы екі психолог жұмылдырылды. Бүгінгі жағдайға қатысты айтатын болсақ, оқиға ер адамдар жерлеуге кеткен кезде болған деп түсіндім. Артынша жағдай ушығып кеткен. Әйелдер үйде отырған. Мен нақты не болғанын білмеймін. Алдағы уақытта Саида журналистерге жағдайды түсіндіреді деп ойлаймын",- деді Айтбек Амангелді.


Одан бөлек Қаржаубай Нұрымов пен оның әпкесі мен қарындасына жаза қолданылғаны туралы Алматы облысы соттары хабарлады.

"Дәлірек айтсақ, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) Салтанат Нұрымова әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 488-бабы, 8-бөлігі) азаматтығы жоқ тұлға Бахыт Рейімова 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, одан кейін Қазақстан Республикасынан депортацияланатын болды.
Қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне құрмет танытпағаны үшін, соныммен қатар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасап, көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды".


Адвокаттары бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірмек. Адвокат Саида Тауекелдің айтуынша Қаржаубай Нұрымов өзінің әрекеттері заңсыз екенін түсінген. Қорғаушылар соттан оған жеңіл жаза кесуді, айыппұл төлетуді өтінген.

"Бірақ сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 15 күнге қамауға алды. Алайда біз аппеляциялық шағым жазып, жолдағалы жатырмыз", – деді адвокат. 


Депутаттар не дейді?

Абзал Құспан:

"Ең жоғары деңгейде қадағалауға алдық, бақылауда ұстап отырмыз дегеннің өзінде трагедия жалғасын тауып жатыр. Әр түрлі ойларға жетелейді. Өзіміз де нақты бірдеңе айта алмаймыз. Құқық қорғау органдары бізге есеп бермейді. Олар қауіпсіздік кеңесіне бағынады".


Ардақ Назаров:

"Қазір бізге ең маңыздысы, елдің ауыз-біршілігі, тәуелсіздігіміздің баяндылығы. Егемендігімізге селкеу түсіргісі келген әлдекімдер әртүрлі құйтұрқы әрекеттерге баруда. Бұлай болмайды. Сондықтан дұрыс ақпарат таратпаса, халықты дүрліктірсе, бүлік шығаратын болса міндетті түрде жазалануы керек. «Мұның басында кім тұр, не үшін бұлай жасап жатыр?» деген мәселелер зерттеп, зерделенуі керек. Сонда басқаларға сабақ болады".


Ринат Зайтов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында “Шу көтеріп жатырсыздар” деп қалды. Оның айтуынша:

"Бір жағынан дұрыс айтасыз, иә қара жамылып отыр. Бірақ бұл қылмыстың айналасында сіздердің барлықтарыңыз шу көтеріп жатырсыздар. Блогері бар, сіздер бар. Бүкіл Қазақстан бойынша ондай тұрмыстық қылмыстар бойынша толыққанды ақпаратты беріп жатқан жоқсыздар ғой. Мақаншыда, Үржарда ондай жағдайлар болып жатыр. Мүлде айтып жатқан жоқсыздар ол туралы. Соның кеселі деп ойлаймын", - деді ол.


Тергеу жыл соңына дейін аяқтала ма?

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тергеу туралы пікір білдірді.

"Талғардағы кісі өлтіру дерегіне тоқталайын. Жыл соңына дейін қылмыстық істі тергеу аяқталады. Қылмыстық істің материалдары танысуға ұсынылады. Тергеу аяқталу сатысында. Жыл соңына дейін біз барлық тергеу әрекеті мен сараптаманы аяқтаймыз. Бүгінде қылмыстық іске қатысы бар 11 күдікті қамауда отыр. Барлығы жауапқа тартылады. Оларға прокурордың келісімі бойынша түпкілікті айып тағылады", - деді Санжар Әділов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.


Сондай-ақ ол Шерзат Полаттың ағасының өлімі бойынша да қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

"Суицид бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кеше сот-медициналық сараптаманың нәтижесі жұртшылыққа алдын ала жеткізілді. (Шерхат Болаттың ағасының денесінен – автор) зорлық-зомбылық белгісі анықталмады. Қазақстан заңы бойынша тергеу 2 ай жүргізіледі, қажет болған жағдайда ол ұзартылуы мүмкін. Барлық нұсқа ескеріледі. Оның ішінде туысқандарының да нұсқасы ескеріледі", - деді Санжар Әділов.


Талғардағы қайғылы оқиға Шерзат Болаттың қазасы мен оның отбасына көрсетілген қысым мәселесін қоғам назарын аударды. Құқық қорғау органдары тергеуді толық аяқтап, кінәлілердің жазаланатынын уәде етті. Оқиғаның мән-жайы алдағы уақытта ресми түрде анықталатын болады.

Бекболат МҰХТАР