1. Егер ұлдар әкесінің жолын қумаса, інілері ағасының сөзін тыңдамаса, күйеуінің әйеліне сенімі болмаса, әйелі күйеуін жүре тыңдаса, енелері келіндерін ұнатпаса, келіндер енелерін құрмет тұтпаса, ұлы адамдар қорғансызға пана болмаса, пақырлар даналар сөзін құптамаса, басшылар қызметкерлерінің жүрегіне жол таппаса, айналасындағы адамдарды соңынан ерте алмаса, игілікті басқа жандардан мол игеріп, байыған адамдар басқалардың да баюына көмектесіп, қол ұшын бермесе, басқа халықтың әдет-ғұрпы мен заңына, ақыл-парасаты мен адамгершілігіне менмендікпен қараса, мемлекет тәртібін мойындамаса, ондай елде ұрылар мен суайттар, қылмыскерлер мен басқа да бұзық жолға түскендер оз отанының басына қара түнек орнатады. Басқаша айтқанда, ол елдің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді, жылқылары мен табындарының тыныштығы бұзылады, жорыққа мінген аттары зорығып өледі, сөйтіп бүкіл халық түкке тұрмайтын дәрменсіз бейшараға айналады.
2. Егер әркім өз пиғылын арамдық ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді.
3. Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда, жемтік көрген аш бүркіттей шүйлік.
4. Сөзді айттың ба, – ол жақсы ма, жаман ба, шын ба, әзіл ме, бәрібір қайтара алмайсың. Сондықтан, сөзіңді безбенмен өлшегендей салмақтап барып айт.
5. Ер кісі бір мезгілінде барлық жерді жарық етіп отыратын күн емес. Олай болса, ері аңға не жорыққа кеткенде, әйелі ерінің отбасын көңірсітпей, үй ішін үлбіретіп отыруы керек. Келген кісіге ерінің жоқтығын білдірмей, құрметпен қарсы алып, дәмді тағам беріп, адал пейілмен сыйлап жіберсе, өзінің абыройын арттырып қана қоймайды, ел арасында ерінің де абырой-беделін асқар шыңға шығарады. Ер кісінің абыройы әйелінің адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты. Керісінше, әйел парықсыз, жүрген жерінде абыройсыз, ар-намысын аяққа басып жүрген бәдік болса, күйеуінің де абыройы болмайды, ауыздағы сөзі аяқтыға жол болады.
6. Шербеттен ақыл да, пайда да, абырой да, қайырымды мінез-құлық та, адамгершілік те күтпе. Ішуді тастай тыюға жігерің жетпесе, шамаңды байқап, мөлшерлеп ішкін. Мүлдем ішпеитін адам – нағыз қадірлі адам!
03 қаз, 2016 сағат 14:13
Шыңғысханнан алты ауыз сөз
22.11.2024
22.11.2024