11 қаз, 2025 сағат 13:02

Шоу-бизнесті шарпыған үштік дауы: Отбасында бақытсыз болған актрисаны Олжас Абай бақытты етті ме?

Фото: Aqshamnews.kz

Осы аптада актриса Дариға Бадықова мен оның 16 жыл некеде болған бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев арасындағы жанжал шоу-бизнестегі ең қызу талқыланған тақырыпқа айналды. «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында Мұсаев актрисамен отбасылық өмірде көрген бар қиындығын жайып салды.

Бәріне кінәлі – миллиард

М.Әуезов атындағы Драма театрдың бұрынғы актері Дархан Мұсаев Дариға Бадықоваға 2008 жылы үйленіп, 16 жыл бірге тұрған. Араларында бала болмаса да, екеуін бір өнер біріктірген. Алайда екеуінің ұстазы Болат Атабаев «Бір үйден бір ғана актер шығуы керек» деген қағиданы ұстанған жұп алдыңғы шепке Дариғаны шығарады. Бұған да себеп жоқ емес, Мұсаевтың айтуынша, Дариға оны себепсіз қызғанып, жұмыс істеуіне мұрша бермеген. Ақыры әйеліне жол беріп, өзінің соңғы 3 жылда жұмысы туралап қалған.

«Таптым-ау сені» фильмі көрермендердің қошаметіне бөленіп, 1 млрд 800 млн касса жинағаннан кейін актриса күрт өзгеріп, Мұсаевпен отбасылық өмірден шаршағанын айтып, «Мен кетейінші» деп кеткеннен, қайтып оралмаған. 

Ресми түрде жұп 2024 жылы күзде ажырасқан.

«Отбасы болған соң бір мүддеге жұмыс істедік. «Менмендік» деген болмайды. Киноның атып кететінін білдік. Мен де бір, сен де бір көлік аласың деп келістік. Қантардың 10-15-інде миллиард түсті. Мен 15 миллионға көлік тауып қойғанымды айттым. «Қымбат» деді. Мен 10 миллионға іздейін дедім. Сөйтіп 10 миллионға таптым. «Менде ондай ақша жоқ. Біз банктен шеше алмай жатырмыз. Арзандау машина іздеші» деді. Өзім «мынау түсіп бара жатыр ғой» дедім. Бірақ өзім келісіп сол көлікті алдым. Кейін қанша береді деп күтіп жүрдім. «Тым болмаса 7-8 млн берсе екен» деп ойладым. Актерлер де өз еңбекақысын алады ғой. Сөйтіп 3-4 миллион, 1 200 000 теңге етіп бөліп жүріп берді», – деді Дархан Мұсаев.


Фото: ашық дереккөз

«Бұл қастандық»

Осыдан кейін актриса Instagram-дағы аккаунтында өз шындығын бөлісіп, актермен 16 жылдық өмірде бақытты болмағанын жайып салды.

«Өтірік бақытты адамның кейпін танытқанмын! Елдің адамымын ғой деп көп нәрсені ашып айтпағанмын. Бекер жасаған екенмін...»,- деп жазды ол.


Оның сөзінше, Дархан Мұсаевтың, продюсердің жаңа туындысы – «Ыстық ұя» фильмінің прокаты тұсында бұл мәселені көтеруі – қастандық. 

«Мен ажырасып кеткелі біраз болған! Артысып-тартысып бір үйде жәй ғана бірге тұрып жаттық. Толық айтармын бәрін! Киноға жасап отырған қастандығы бұл!», - деді Бадықова.


Артынша заңгер Айгүл Орынбек актрисамен түскен суретін жариялап, Дархан Мұсаевтың үстінен арыз жазғандарын хабарлады.

«Дариға барынша сабырлық пен түсіністік танытып келді. Бірақ отбасылық құпияны жария ету, жеке хат алмасулар мен аудио-видеожазбаларды көпшілікке таратамын деп мәлімдеу — бұл адамның ар-намысына тиіп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін әрекет! Мұндай әрекет — бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі. Бүгін біз Дарханның үстінен ресми түрде арыз түсірдік. Бұл шешімге баруға мәжбүр болдық, себебі заңсыздыққа үнсіз қарау – әділетсіздікке жол беру деген сөз. Енді бәрі заң аясында, құқықтық алаңда шешіледі деп сенеміз», - деп жазды Айгүл Орынбек.


Фото: Facebook.com

Таптым-ау сені?

Дариға Бадықова экс-күйеуі «көзіме сол актермен шөп салды» деп айыптаған, «Таптым-ау сені» фильміндегі серігі Олжас Абаймен бас қосты ма, ол жағы белгісіз. Дегенмен, әлеуметтік желілерде әріптестердің түрлі мерекелік шараларда бірге түскен суреттері, Дубай, Стамбул қалаларында қыдырған сәттері жарияланып жатыр. 

Олжас Абайдың өзі әлеуметтік желіде екі жастың ажырасып кетуіне себепкер емес екенін айтып, ақталды. 

«Некедегі әйелімен ажыраспай жатып көз салады дегендер — мені түсінбегендер. Әр нәрсенің соңы болады. Ешкім жауапсыз қалмайды. 15 жылда 25-тен аса кинотуындыға түсіп, халықтың миллиондаған қошеметіне бөленген актер ретінде мен өз еңбегіммен жетістікке жеттім. "Дариғадай мінезді, мықты актрисамен серіктес болып жұмыс істедім. Сол еңбегімді өнер жолындағы жетістік деп білемін. Басымды бала күннен тік көтеріп жүрмін, ары қарай да жүре беремін», – деп жазды актер.  


Ал Әлеуметтік желі қолданушылары екі жұпқа бақыт тілеп, Олжас Абайға актрисаны бақытсыздықтан құтқарғанына рақмет айтып жатыр. 


Айта кетейік, қазір кинотеатрларда Дариға Бадықова продюсерлік еткен «Ыстық ұя» фильмі жүріп жатыр. Кинотуындының режиссері – Дархан Кәріпов. Басты рөлдерде: Дариға Бадықова, Олжас Абай, Шамшагүл Меңдиярова, Ержан Түсіпов. Ticketon мәліметінше, аталмыш фильм алғашқы аптада 304 869 253 теңге жинап, ең көп касса жинаған фильмдердің көшін бастады.