"Мұзарт" тобындағы Кенжебек Жанәбіловке ән сатқан адам туындыны тағы он шақты өнерпазға саудалаған болуы мүмкін. Өзін ақын және композитор деп таныстырған азаматқа сеніп, ұятқа қала жаздаған жұлдыздардың арасында Асхат Тарғын да бар. Әншілердің көбі шығармалардың арзан бағасына қызыққан. Соңында әнді де, ақшаны да ала алмаған. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Ән аламыз" деп алданғандар құзырлы органдардан көмек сұрады. Өнерпаздардың сөзінше, ақын-композитордың атын жамылған азаматтың әрекетінен бас-аяғы 100-ге жуық адам зардап шеккен. Көбі 100 мыңдап шығынға батса, он шақты әнші бір әнге таласып қалған көрінеді.
"Қысқасы шоу-бизнесте алаяқ жүр. Оның есімі – Жақсылық Ыбырай. Бұл маған сатқан 3 әннің авторының біреуі де өзі емес екенін түсіндім. Өз авторлары шықты. Әйгерім Сырлыбаева, Саят Әбеновтың әндерін маған сатқан екен. Ол кісілерге айтсам, ол кісілер де ашуланды. Олар "Бұған дейін де біздің әндерімізді сатып келген" дейді", – деді әнші, актриса Перизат Алпыс.
"10-15 адамға сатылған ба, соны білмеймін нақты. Енді ондай әнді мен де алыппын. Тақырыбы әйелдер, идеал, патша мен патшайым жайлы. Арзан болғаннан кейін тегін келіп тұрған соң аласың. Сөзі де, музыкасы да әдемі. Қарасам, ол әнді мұндағылар кісілер шығарып тастапты. Енді шығарсаң ұят болады. Елдер еңбектеніп қойды, бейнебаян түсіріп тастапты", – дейді әнші Әли Римов.
"Әнді әрлеуімен, домбыра-гитара сүйемелдеуімен қосып жасап беремін деді. Мен таңғалдым, біз деген 1 әнді 350-400 мыңға жазамыз. Ақындарың бар ол жерде, оған 500 мың кетеді. Сөйтіп айтып едім, ол баласының ауырып жатқанын айтты. Ақшадан қысылып жатырмын деді. Содан 80 мың теңгеге алдым әнді. Ол ертең дайындап жіберетін айтып, келесі күні жоқ болды", – деп қосты әнші Қанағат Меченбай.
Ал басы дауға қалған азамат әншілердің уәжін жоққа шығарып, олардың айыбын жалаға теңеді. Бір әннің бірнеше адамға сатылғанына қатысы жоғын айтты.
"Жоқ, енді менің әннің 10 адамға сатылғанына қатысым жоқ. Кінә жоқ демеймін. Ол бекер, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Менен де біраз қателіктер болды негізі. 2-3 күнде барлығын расымен реттеймін. Мен сізге кері байланысқа шығамын, оларға шықпасам да. Болды. Өзім хабарласамын, қайта-қайта мазалау қажет емес", – деді Алматы қаласының тұрғыны Жақсылық Ыбырай.
Әншілер қолда тиісті айғақ барын алға тартады. Олар полицияға арыз да қалдырған.
"Бостандық ауданына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жұмыстарына кірісіп кетті. Барлық объективті мән-жайлар анықталып, құқықтық тұрғыда баға беріледі", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.