Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың бал айын кім ұйымдастырды?

Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың бал айын кім ұйымдастырды?
Фото-коллаж: ult.kz

Жуырда шаңырақ көтерген танымал актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абай бал айын өткізу үшін Қатарға аттанды. Жас жұбайлардың сапарын белгілі саяхат сарапшысы Гүлдана Иманбай ұйымдастырған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Гүлдана Иманбай өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді. Ол әуежайда Дариға Бадықова және Олжас Абаймен бірге түскен суретін жариялап, бұл жолғы сапардың ерекше жауапкершілік жүктегенін айтты.

"Бұл жолы да бізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Осы уақытқа дейін жай ғана саяхат ұйымдастырсақ, бұл жолы бал айы. Барлықтарыңызға шексіз махаббат тілеймін", – деп жазды саяхат сарапшысы.

Осылайша, Гүлдана Иманбайдың жазбасы өнер иелерінің Қатарға бал айын өткізу үшін барғанын растады.

Бұған дейін Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың Instagram стористерінен алынған бейнеүзінділер олардың Дохада жүргенін көрсеткен еді. Жұп сапар барысында түсірілген кадрларымен әлеуметтік желіде бөліскен.

Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың тойы қашан өтті?

Дариға Бадықова мен Олжас Абай 2026 жылғы 12 қазанда Алматы қаласында үйлену тойын өткізді. Салтанатты кешке жас жұбайлардың жақындары, достары және өнердегі әріптестері жиналды. Қонақтар арасында Ерке Есмахан мен RaiM, Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали, Жанболат пен Жазира, Ләйлә Сұлтанқызы және басқа да танымал тұлғалар болды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде жұптың құдалық және сырға салу рәсімдерінен түсірілген бейнежазбалар тараған болатын. Кейін Дариға Бадықова көпшілікке арнайы жазба арнап, жеке өміріне қатысты таңдауын құрметтеуді және өздеріне бақыт тілеуді сұраған.

Өнер иелерінің қарым-қатынасы бұған дейін әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Соған қарамастан, жұп отбасын құрып, енді бал айын Қатарда өткізіп жатыр.

Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың шаңырақ көтеруі қазақстандық шоу-бизнестегі көп талқыланған оқиғалардың біріне айналды.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Бадықова – қазақстандық танымал актриса, продюсер әрі сценарист. Ол 1982 жылы 20 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Өнер жолын театр сахнасынан бастаған актриса кейін кино саласына бет бұрды. Көпшілікке отандық фильмдер мен телехикаялардағы рөлдері арқылы танылды. Әсіресе, комедиялық образдарды шебер сомдауымен көрермен ықыласына бөленді. Дариға Бадықова "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы кеңінен танымал болды. Кейін "Таптым-ау сені" романтикалық комедиясына продюсер ретінде атсалысып, басты рөлдердің бірін сомдады. Аталған фильмде актер Олжас Абаймен бірге ойнады. Өнер иесі актерлік қызметімен қатар кино өндірісімен де айналысып келеді. Бүгінде Дариға Бадықова – қазақстандық кино және шоу-бизнес саласында өзіндік орны бар өнер иелерінің бірі.

Олжас Абай кім?

Олжас Абай (Жанабеков) – қазақстандық актер, әнші әрі продюсер. 2011 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театры және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң 2013 жылға дейін Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен. Шығармашылық жолының алғашқы кезеңінде ән айтып, түрлі іс-шараларда жүргізуші болып жұмыс істеген.

Ол көпшілікке 2017 жылы жарық көрген "Брат или брак" комедиясындағы рөлі арқылы кеңінен таныла бастады. Кейін "Класстастар", "Zero", "Ауылбайский участковый", "Хотя бы кинода 2" және басқа да фильмдерге түсті. 2023 жылы Дариға Бадықовамен бірге "Таптым-ау сені" романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдады. Аталған фильмнің көрермен арасында танымал болуына байланысты кейін оның жалғасы түсірілді. Олжас Абай актерлік қызметімен қатар кино өндірісіне араласып, продюсер ретінде де жұмыс істейді.