23 қаң, 2026 сағат 12:13

Серік Сәпиевке орынбасары жұмыс уақытында қол көтерген

Фото: Qrnews.kz

Қарағанды қаласында спорт саласының жетекшілері қатысқан жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға 21 қаңтар күні кешкі уақытта Бұқар жырау даңғылы бойында болған, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі Qrnews-ке сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Жанжалға қатысы бар екінші тұлға – оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионы Дәурен Есімханов.

Редакцияға келіп түскен мәлімет бойынша, аталған оқиғаға қатысты денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда жәбірленушінің алған жарақатының ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы істің құқықтық бағасын айқындауға негіз болады.

Жанжалдың нақты неден шыққаны әзірге жария етілмеді. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.