Фото: sadaq.kz
Жуырда Сарыөзек гарнизонында Дастан Құрманбек есімді сарбаз көз жұмды. Бұдан бөлек, Сарыөзек әскери гарнизоны майоры Самат Асановтың есірткі және психотропты заттарды заңсыз айналымға шығару ісі – бойынша қылмыстық іс қозғалғаны БАҚ беттеріне шыққан. Бұл БАҚ өкілдеріне белгілі үлкен оқиғалар. Ал бұқараның назарынан тыс тағы не болып жатқаны беймәлім. Сарыөзек гарнизоны қатаң бақылауға алынуы, майшаммен тексерілуі керек емес пе? Ult.kz тілшісі бұл сұрақты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қуанышбек Үштаевқа қойды.
"Қазіргі таңда Сарыөзек гарнизоны Құрлық әскерлері басшылығын өте көп алаңдатып жатыр. Оның негізгі себебі соңғы кезде болып жатқан қатардағы жауынгеріміздің бір шығына, екінші шығынының болуы. Сосын есірткі тасуға байланысты жағдай да орын алды. Оның барлығын қазір сізге эфирде жайып айта алмаймыз, бірақ біздің Қорғаныс министрлігімен, басшылықпен және де осы Құрлық әскерлері басшылығынан үлкен-үлкен өзгерістер енгізілді", -деді Қуанышбек Үштаев.
Алайда генерал-майор алдағы бір жылдың ішінде Сарыөзек гарнизонында жағдай жақсарады деп отыр.
"Біз бұл жағдайды 10 күнде, 20 күнде, бір айда жөндейміз деп айта алмаймыз. Бірақ жарты жыл, бір жылда осы өңірдегі жағдай дұрысалуы керек. Ол жерде тағы да көмекке тиесілі басқарма органы тағайындалып, қазір өз жұмыстарына кірісті", -дейді Қуанышбек Үштаев.
Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Жетісу облысы Сарыөзек әскери гарнизонында 18 жастағы сарбаз Дастан Құрманбек қаза болды.
"Әскери-далалық оқу-жаттығулар кезінде әскерге шақырылған сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзып, төс сүйегінен жарақат алды. Қылмыстық іс қозғалды. Себептері анықталып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы құрлық әскерінің бас қолбасшысы басқаратын арнайы комиссия құрылды", деп жазылған хабарламада.
Қаза болған сарбаз жетісайлық 18 жастағы Дастан Құрманбектің ата-анасы ұлы “Калашников автоматынан өзіне оқ атты” дегенге сенбейді. Олар ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп отыр.