21 қаң, 2025 сағат 15:13

«Психологиялық тұрақтылықтың төмендігі қайғылы оқиғаларға себеп болуда» — генерал Күшікбаев екі сарбаздың қазасы туралы айтты

Фото: Қорғаныс министрлігі

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күшікбаев ОКҚ брифингінде әскери қызметкерлердің қазасына қатысты тергеу нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл Сарыөзекте 14 қаңтарда қаза тапқан Дастан Құрманбек пен өткен жылдың қыркүйегінде Маңғыстауда қайтыс болған Марат Барқұловқа қатысты.

Күшікбаевтың айтуынша, қызметтік тергеу оның жеке бақылауымен жүргізілген. Әскери құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған, бірақ тергеу мүддесіне сай мәліметтер жариялай алмайды.

Тергеу барысында командирлердің жұмысында олқылықтар болғаны анықталды деп отыр  генерал-майор. Оның сөзінше сарбаздың қызметке бейімделуі кезінде қиындықтар туындағанын басшылар уақытылы байқамаған және оған қажетті психологиялық қолдау көрсетпеген.

Сонымен қатар, ұжымдағы, оның ішінде офицерлер мен сержанттар арасындағы қарым-қатынастардағы мәселелер назардан тыс қалған. Алайда:

"Командир Дастанмен жеке сөйлесіп, оның ата-анасымен байланысқа шықтық. Олар бөлімге келіп, баласымен бірге бір күн өткізген және қолдау көрсеткен. Осыдан кейін жауынгерден немесе оның отбасынан шағым түспеген", -деп отыр ол.


Генерал-майор Марат Барқұловтың өліміне де түсініктеме берді. Еске салсақ, кінәлі деп танылған адам — взвод командирі лейтенант Дамир Досов.

Күшікбаев Қарулы Күштер осындай жағдайларға жедел әрекет ету және олардың алдын алу үшін бар күшін салып жатқанын мәлімдеді. Алайда жастарды психологиялық тұрғыдан мықты етіп тәрбиелеуде кешенді жұмыс қажет екенін айтты.

"Психологиялық қиындықтары бар әскери қызметшілер әскери психологтарға көмек сұрап жүгіне бермейді. Өкінішке қарай, мұндай мәселе бар. Әскери мәдениетте табандылық пен жігерлік жоғары бағаланады және көбінесе жас сарбаздар осыны негізге алады. Көмек сұрау әлсіздік белгісі ретінде қабылдануы мүмкін.
Бүгінгі таңда бұл мәселе тек әскери салада ғана емес, жалпы қоғамда, оның ішінде жастар арасында да өзекті. Көптеген жасөспірімдер, жас жігіттер мен қыздар психологтарға жүгінуден немесе медициналық және жалпы психология қызметтерін пайдаланудан ұялады.
Психологиялық тұрақтылықтың төмендігі мен стресспен күресу дағдыларының болмауы қайғылы оқиғаларға әкелетін негізгі фактор болып отыр", — деді ол брифингте.

"Сарбаз өлімі суицид пе?" деп нақтылап сұраған тілшіге Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы "тергеу барысында анықталады" деп жауап берді.


Оқи отырыңыз: Сарбаз өлімі, есірткіге қатысты қылмыс. Сарыөзек гарнизоны қашан бақылауға алынады?