Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы №76 мектеп-лицейде өткен экологиялық сағатқа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Экологиялық сағат бүгінгі таңда республиканың барлық мектептерінде өтіп жатыр. Кең көлемді акцияны қолдауға Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те атсалысты. Билік өкілдері №76 мектеп-лицейдің жұмысымен танысып, оқушылардың алдында сөз сөйледі.
«Адамның денсаулығының мықты болуы, ұзақ өмір сүруі – ішетін суына, жұтатын ауасына байланысты. Алдымыздағы 6 қазан күні дүниежүзілік тіршілікті қорғау күні аталып өтеді. Соның қарсаңында Қазақстан Үкіметі барлық әкімдіктермен бірігіп, мектептерде эко-сағат өткізіп жатыр. Бүгінгі таңда бұл акция Қазақстанның 7 мың мектебінде өткізіледі. 3 миллионға жуық оқушы осы сағатқа қатысады. Табиғатты қорғау – кішкентай баладан бастап еңкейген қарттың мойнындағы міндет. Қазақта «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Талдың қандай маңызы барын сіздер білесіздер. Ауамыз таза болу үшін оттегі көп болуы керек. Оттегіні ағаштар мен гүлдер шығарады. Сондықтан, ата-бабамыздан бізге келе жатқан ұғымға адал болуымыз керек», - деді мектептің концерт залында оқушылардың алдында сөз сөйлеген Бердібек Сапарбаев.
Үкімет басшысы оқушыларға үнемді болуға шақырды. Айтуынша, су, жарық – бәрі де тиімді пайдалануы керек. Премьер-министр орынбасарының сөзін қостаған шаһар басшысы Алтай Көлгінов те экологиялық сағаттың басты маңызын түсіндірді.
«Ең бастысы, бұл - тәрбие, мәдениет. Қала деген – ортақ үй. Бәріміз бір мемлекеттің – үлкен отбасының мүшесіміз. Алдымен, тәрбиелі әрі мәдениетті болуымыз керек. Кезінде Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» екенін айтып кеткенін білесіздер. Мәдениетіміз – өзіміздің тәрбиеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы эко-челленжді бастады. Қарасақ, елорда маңындағы көл жағаларының барлығында қоқыс шашылып жатыр. Ол қоқысты өзге планетадан біреу әкеліп тастаған жоқ қой. Бір қуантқаны, студенттер, жастар келіп, айналамыздағы көлдерге барып, маңайын тазартып берді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дейді. Тап солай – айналамыздың таза болуы сіз бен бізге байланысты», - деді Алтай Көлгінов.
Осыдан кейін Бердібек Сапарбаев мен Алтай Көлгінов №76 мектептің ауласына оқушылармен бірге ағаш отырғызды. Үкімет басшысының орынбасары ағаш отырғызу кезінде оқушыларға «тал егу бір бөлек – оны күтіп-баптау екінші міндет» екенін ескертті.