Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Моңғолияға ресми сапармен келді, деп хабарлайды Моңғолияның МОНЦАМЭ ақпарат агенттігі.
«Буянт-Ухаа» халықаралық әуежайында Ресей Федерациясының Президенті мен онымен бірге келген делегацияны Моңғолия Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэг, Ресей Федерациясының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Евсиков және басқа ресми тұлғалар күтіп алды.
Сапар барысында президент Ухнаагийн Хурэлсух пен президент Владимир Путин ресми келіссөздер жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасады, сондай-ақ екіжақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысады.
Ресми келіссөздердің қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысы БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізеді.
2019 жылы Моңғолия мен Ресей Федерациясы «Достық қатынастар және жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа» қол қойды.
Моңғолия мен Ресей Федерациясы 1921 жылы 5 қарашада дипломатиялық қатынас орнатып, 1922 жылы Ұланбатыр мен Мәскеуде Елшіліктерін ашты.