«Басты мақсатым – ақша табу емес»: Димаш Құдайберген тың мәлімдеме жасады

«Басты мақсатым – ақша табу емес»: Димаш Құдайберген тың мәлімдеме жасады
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Grammy студиясының Global Mixtape жобасына сұхбат беріп, шығармашылық ұстанымы мен алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Журналист Валери Лимен әңгіме барысында өнер иесі балалық шағын еске алып, музыкаға деген қызығушылығы отбасынан басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, ата-анасы кәсіби музыкант болғандықтан, үйінде қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік классикалық туындылар да жиі шырқалған.

Димаш бес жасынан бастап сахнаға шыққанын, бүгінде өнер жолында жүргеніне 27 жылға жуықтағанын айтты.

Әнші сұхбатта қазақтың ұлттық музыкасына да ерекше тоқталды. Ол домбыра мен қобыздың үні арқылы халқымыздың тарихын, табиғатын және дүниетанымын жеткізуге болатынын түсіндірді. Сондай-ақ күй өнері мен айтыстың ерекшеліктерін шетелдік көрерменге таныстырды.

Әңгіме барысында Димаштың түрлі тілде ән орындауы да сөз болды. Өнер иесі мұны шетелдік тыңдармандардың Қазақстанға деген құрметіне жауап ретінде қабылдайтынын айтты.

«Өзге тілдердегі әндерді үйрену – адамдардың маған ғана емес, мәдениетімізге, елімізге көрсеткен сүйіспеншілігі мен құрметіне алғыс білдіру тәсілім», – деді ол.

Димаш шығармашылығындағы басты мақсаты табыс табу емес екенін де ашық айтты.

«Басты мақсат ақша табу емес. Ең маңыздысы – біз, өз аудиториясы бар өнер адамдары, халыққа бейбітшілікті, ізгілікті, махаббат пен өзара түсіністікті еске салып отыруымыз керек. Ақша – өміріміздегі ең басты құндылық емес», – деді әнші.

Сонымен қатар ол алдағы әлемдік турына қатысты жоспарларымен бөлісті. Димаштың айтуынша, гастрольдік сапар 20-дан астам елді қамтуы мүмкін. Әнші мүмкіндігінше көп мемлекетте концерт өткізіп, жанкүйерлерімен жүздесуді қалайды.

Бұдан бөлек, өнер иесі жақын арада Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында өткен концерті туралы деректі фильм жариялауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Фильм оның YouTube арнасында жарық көреді.

Димаш Құдайберген алдағы уақытта да қазақ мәдениетін әлемге таныстырып, музыка арқылы түрлі халықтарды жақындастыруды мақсат ететінін атап өтті. 

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысатынын мәлімдеген еді. Өнер иесі осылайша елдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаға қолдау білдірді.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор және әлемдік сахнада танылған өнер иесі. Оның толық есімі – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева – Қазақстанға танымал өнер қайраткерлері. Димаш бала кезінен музыкаға қызығып, бес жасында алғаш рет сахнаға шыққан. Ол Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде білім алған. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде оқуын жалғастырып, кәсіби музыкалық білімін жетілдірген. 2015 жылы Беларусьтің Витебск қаласында өткен халықаралық "Славян базары" байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жетістік оның халықаралық музыкалық мансабындағы маңызды белестердің бірі болды.

2017 жылы Қытайдағы Singer музыкалық байқауына қатысып, екінші орын иеленді.

Сол жылы Астанада "Бастау" атты алғашқы ауқымды жеке концертін өткізді. Димаштың репертуарында қазақ, орыс, ағылшын, француз, итальян және басқа да тілдердегі әндер бар. Ол поп, классикалық және дәстүрлі музыканы үйлестіріп орындайды. Әнші фортепиано мен домбыра секілді музыкалық аспаптарда ойнап, өзі де ән жазады.

Бүгінде Димаш Құдайберген халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, қазақ музыкасы мен мәдениетін әлемге таныстырып келеді.