Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер белгілі болды

Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер белгілі болды
gov.kz

Қазақстанда пластикалық хирургтер орташа жалақы мөлшері бойынша 180-нен астам медициналық мамандықтың ішінде екінші орынға шықты. Олар айына орта есеппен 2,1 миллион теңгеден астам жалақы алады, деп хабарлайды ult.kz.

Data Hub мәліметі бойынша, 2026 жылғы сәуірде жүргізілген денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету кәсіпорындарын іріктемелі зерттеу нәтижесіне сәйкес, ең жоғары жалақы жақ-бет хирургтеріне тиесілі. Олардың орташа есептелген айлығы 2 миллион 384 мың теңге болған.

Екінші орында – пластикалық хирургтер. Олардың орташа жалақысы 2 миллион 146 мың теңгеге жеткен. Бұл – орташа табысы 2 миллион теңгеден асатын жалғыз екі медициналық мамандық.

Үшінші орынға орташа жалақысы 1 миллион 256 мың теңге болатын цитопатолог дәрігерлер жайғасқан.

Жалақы мөлшері бойынша келесі орындарда:

  • Төтенше жағдайлар мен апаттар медицинасының дәрігерлері – 864 мың теңге;
  • балалар комбустиологтері (күйік жарақаттарын емдейтін дәрігерлер) – 833 мың теңге;
  • функционалдық диагностика кардиологтары – 821 мың теңге;
  • рентгенхирургтер – 803 мың теңге;
  • кардиохирургтер – 729–758 мың теңге;
  • ересектерге қызмет көрсететін ангиохирургтер – 737 мың теңге.

Зерттеу нәтижесі неге өзгерді?

Зерттеу авторлары рейтинг нәтижелері іріктеменің құрылымына байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескертеді. Кәсіпорын неғұрлым ірі болса, зерттеуге оның қызметкерлерінің соғұрлым аз бөлігі қамтылады. Мысалы, шамамен 5 мың адам жұмыс істейтін ұйымда әрбір жүзінші қызметкердің жалақысы ғана есепке алынуы мүмкін.

Бұл жағдай 2025 жылмен салыстырғанда рейтингтің күрт өзгеруіне ішінара әсер еткен. Былтыр ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер қатарында кардиохирургтер көш бастап, олардың орташа айлығы шамамен 1 миллион теңге болған. Ал пластикалық және жақ-бет хирургтері үздік 100 мамандықтың қатарына да кірмеген. Олардың орташа жалақысы 500 мың теңгеден төмен болған.

Айта кетейік, зерттеуде көрсетілген сомалар – салықтар мен басқа да міндетті төлемдер ұсталмағанға дейінгі есептелген жалақы мөлшері. Сондықтан дәрігерлердің қолға алатын нақты табысы бұдан төмен болуы мүмкін.